Мемлекет басшысы Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есепті тыңдап, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен танысты.

➤ Премьер-Министр бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскенін баяндады.
🟦Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 9,8 пайызға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға артты.
🟦Сондай-ақ сауда-саттықта – 5,7 пайыз, ауыл шаруашылығында – 4,4 пайыз және байланыс қызметінде 4,3 пайыз өсім тіркелді.
🟦Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгені құрады, соның ішінде жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайды.
➤ Олжас Бектенов ұлттық экономика құрылымын нығайту жөнінде есеп берді.
🟦Биыл өңдеу секторында 1,7 триллион теңгеге 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашылады.
➤ Үкімет басшысы ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысын және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау туралы айтты.
🟦Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек.
🟦Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайды.
🟦Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл ретте бюджеттің әр теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға септігін тигізді.
🟦Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы және инфляцияны төмендету шаралары туралы ақпарат берілді.
🟦Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады.
🟦Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері туралы баяндалды, сондай-ақ жұмысқа орналасуға ынталандыру арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру тәсілдері таныстырылды.
🟦Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржы үнемделеді.

