Олжас Бектенов ЕАДБ кеңесінің отырысын өткізді: банктің 2027-2031 жылдарға арналған даму стратегиясы бекітілді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Еуразия даму банкі кеңесінің отырысын өткізді. Жиында банктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары қаралып, 2027-2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді.

Олжас Бектенов биыл Еуразия даму банкінің құрылғанына 20 жыл толатынын атап өтіп, банк қызмет еткен жылдары қатысушы мемлекеттердің экономикаларының дамуына елеулі үлес қосқанын, сондай-ақ оның алдағы уақытта да одан әрі серпінді дамуына сенім білдірді. Бүгінде ЕАДБ жеті елді біріктіреді, 2025 жылдың қорытындысы бойынша банктің жинақталған портфелінде жалпы инвестиция көлемі $19,6 млрд болатын 326 жоба, ал банк серіктестері жобаларға тартқан қаражатты қоса есептегенде, экономикаға салынған инвестициялардың жиынтық көлемі $64 млрд-тан асты.

Отырыс барысында ЕАДБ кеңесінің Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген мүшелері сөз сөйледі.

ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов банктің 2025 жылғы қызметінің нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша ЕАДБ инвестицияларының көлемі $2,6 млрд-қа жетті. Қаржыландырудың басым бөлігі энергетика, көлік-логистика және химия өнеркәсібі салаларындағы жобаларға бағытталған. Банктің «жасыл» жобалар портфелі бір жылда 17%-ға өсіп, $1 млрд-ты құрады. Сонымен қатар ЕАДБ-ның Техникалық жәрдем қоры мен Цифрлық бастамалар қоры су ресурстарын үнемдеу, жасанды интеллект технологияларын дамыту ісін жеделдету, АӨК секторын дамыту және басқа да жобаларды жүзеге асыруға $40 млн көлемінде қаржы бөлді.

Банктің қазіргі инвестициялық портфеліндегі Қазақстанның үлесі $4,2 млрд немесе 65%-ды құрайды. Қазіргі таңда банктің қатысуымен елімізде 46 жоба жүзеге асырылуда.

Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ЕАДБ-ның 2022-2026 жылдарға арналған қолданыстағы стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуы болды. Жыл соңына қарай ЕАДБ-ның 2022-2026 стратегиясы шеңберінде жинақталған инвестициялары жоспарланған $10,9 млрд-тан асып, $12,2 млрд деңгейіне жетеді деп күтілуде. 2022-2026 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына $5,2 млрд бағытталды, бұл көрсеткіш алдыңғы 15 жыл ішінде тартылған инвестиция көлемімен шамалас.