Суретті түсірген…

Аманкелді БЕЙСЕКЕЕВ ұзақ жыл «Ұлытау өңірі» газетінде фототілші қызметін атқарды. Бұрынғы буын оның қырағылығын, жауапкершілігін, еңбекқорлығы мен сабырлылығын ерекше айтады. Әсіресе, ол өзінен кейін қатарға қосылған жастарға тәлімгер болып, білген-көргенімен, көкейге түйгенімен бөлісіп отырады. Оның салиқалы сабақтарының арқасында талай жігіт суретке түсірудің қыр-сырын үйренді.

Әбекеңнен тәлім алғандардың бірі – кешегі тоқсаныншы жылдары осы аудандық газеттің фотокоры болған Назымбек Машайықов. 

– Мен газетке үйренуші болып орналасқанымда Аманкелді аға мені «бұл бастықтың баласы ғой» деп жеңілдік жасаған жоқ. Қайта, қаққанда қанымды, соққанда сөлімді алды. Кейін бұл менің өз ісімді тез әрі сапалы меңгеріп кетуіме үлкен сеп болды. Аудан орталығында өтетін іс-шараларға, мерекелік шерулер мен концерттерге барғанда Әбекең бір-екі рет шырт-шырт еткізетін де, редакцияға қайта кететін. Бұл оның жоспарды құру қабілеті, көрегенділігі, мол тәжірибесі екенін кейін ұқтым. Біз сияқты жаңадан келген жігіттер әр сәтті шырт-шырт түсіре беріппіз. Ал, ол ненің керек, ненің қажет емес екенін анық білетін. Оның жарықты қоюы, түсіру әдісі кәсіби тұрғыдан шыңдалғаны анық көрініп тұрды. Кейін, осының бәрін маған барынша үйретті, – дейді Назымбек өзінің тәлімгері жайлы тамсана отырып. 

Мен Аманкелді Бейсекейұлымен 1984 жылдан 1997 жылға дейін қоян-қолтық жүріп жұмыс істедім, Шалғайдағы малды ауылдар мен дала қостарын бірге жүріп араладық. Сол жылдардағы сарғайған газет тігінділерін ақтарған адам әр суреттің астында «Суретті түсірген А.Бейсекеев» деген жазуды оқыры анық. Жай оқып қана қоймай, сол суреттің анықтама мәтінінсіз-ақ кім екенін, қандай мамандық иесі екенін жазбай таныр да еді. 

Ол кездері фототілшілердің жұмысы қазіргідей бір түймешікті басып қалып, оны компьютерге ауыстыру сияқты оңай болмайтын. Суретке түсіріп келген соң пленканы шығаратын, кептіретін, қағазға шығаратын, бетін жылтырататын, қиятын. Сосын барып жауапты хатшыға жеткізетін. Осының бәрін Әбекең жылдам, әрі сапалы істейді. Себебі ол тұста газет аптасына үш рет шығатын да, аспай-саспай жұмыс істеуге уақыт болмайтын. 

Негізі, суреттің жақсы шығуы фотоаппараттың сапасына емес, оны қолына ұстаған адамға байланысты. Фотоны барлығы бірдей көреді, тек бірен-сараны байқайды, оның «тілін» ұғынады, мағынасын түсінеді. Бүгінде зейнет демалысында отырған әріптес ағамыз Аманкелді Бейсекеев – сол санаттағы білікті маман.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ