Үкіметте мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті
Астанада Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның басшылығымен Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Құрамы жаңартылған комиссияның алғашқы отырысына мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ тіл білімі саласындағы танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысты.


Отырыс барысында комиссия мүшелері орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі есептерін тыңдады. Атап айтқанда, оқу-ағарту жүйесіндегі мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру, 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және қазақ тіліндегі контент үлесін арттыру мәселелері қаралды.
