Жазғы сауықтыру алаңында

Ұлытау ауданында білім бөлімі оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу, бос уақытын қызықты әрі пайдалы ұйымдастыру, сондай-ақ еңбекпен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мәлімдеді.


Аудан бойынша 1-7 сынып оқушыларына арналған жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру жоспары әзірленген. Биыл 1240 бала жазғы демалыс бағдарламасына тартылмақ.
Маусым және шілде айларында өтетін алғашқы кезеңде оқушылар 2-3 апта бойы шатырлы, киіз үй, спорттық, мәдени, археологиялық және бейінді мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарында демалады.
Мектеп жанындағы жазғы сауықтыру алаңдары 1 маусымнан бастап жұмысын бастады. Алғашқы кезең екі аптаға созылды. Барлық алаңдарда балаларды тамақтандыру қарастырылған. Бұл мақсатқа 45 миллион 325 мың теңге қаржы бөлінген. Демалыс алаңдары күн сайын таңғы сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жазғы алаңдарда балалар түрлі спорттық ойындарға қатысып, мәдени іс-шараларға тартылуда. Киіз үйлерде оқушылар ұлттық дәстүрлермен танысып, кітап оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мамандыққа баулу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, олардың кәсіби бағдарын дамытуға жағдай жасалуда.
Аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес, 5-7 сыныптар аралығындағы 40 оқушы Көкшетауға демалысқа жіберіледі.
Сондай-ақ, 831 оқушы мәдени және тарихи орындарға экскурсия жасайды. Атап айтқанда, Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына – 100 оқушы, Өтжан шатқалына – 30 оқушы, Ерден батыр кесенесіне – 70 оқушы барады.
Қаныш Сәтбаев атындағы мұражай-үйіне аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 оқушы, Аманбай батыр кесенесіне 20 оқушы, Теректі әулие тарихи орнына аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан 20 оқушы барады.
Ал Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайына көпбалалы отбасылардан шыққан 261 оқушы, мәдени-сауықтыру орталығына 200 оқушы қатысады.
Жалпы, Ұлытау ауданының білім бөлімі жазғы демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл жұмыстар оқушылардың денсаулығын нығайтып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ тарихи және мәдени құндылықтармен танысуына мүмкіндік береді.
Демалыс бағдарламасы балалардың жан-жақты дамуына және сапалы тынығуына бағытталған ауқымды жобалардың бірі болып табылады.

Ізбасар ОЙБАС.