Теңбіл доп додасы
Ұлытау ауданында балалар арасындағы футболдан алға басушылық бар. Спорттың осы түрін дамытуға жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Бекзат Сыздықовтың қосқан үлесі зор. Оның қарамағындағы жас футболшылар аталған спорт түрінен ұлт ұясы – Ұлытауда көш бастап тұр. Оған жақында ғана аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында «Есірткісіз болашақ» лигасы шеңберінде өткен аймақтық футбол турнирі дәлел.

Ала доп ойынына аудан әкімдігі қолдау көрсетті. Бұл ойынның басты мақсаты – есірткінің зиянын кеңінен түсіндіру, балаларға салауатты өмір салтын ұстануға және саналы таңдау жасауға шақыру. Қоғамды бұл мәселеге бей-жай қарамай, есірткіге қарсы күреске белсенді атсалысуға үндеу болды. Негізгі межесі ойынның осылай басталғанымен оның соңы ымыра-бірліктің, мәдениеттіліктің үлгісін танытқан спорттық мазмұндағы тартымды шараға ұласты.
Турнирдің ашылу салтанатында Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов сөз сөйледі.
– Футбол тек қана спорт емес, ол мәдениетіміз, салауатты өмір салтымыз және достыққа бастар жол саналады. Қазіргі уақытта ауданымызда спорт саласына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Осындай футбол ойындары жасөспірімдердің жаңа белестерді бағындыруларына, салауатты өмір салтын ұстануларына зор септігін тигізері анық, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Баққоныс Қайратұлы сөз сөйлеп, жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жарысқа Бекзат Сыздықов төрешілік етті. Доп додасына 2015-2016 жылдары туған жасөспірімдер арасынан бас-аяғы сегіз команда қатысты. Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан және Талап ауылынан сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдық округтерден жасөспірімдер келіп, ойын өрнегін көрсетті.
Бәсеке алаңында ойын тәртібі мұқият сақталды. Бақ сынасқан командалар жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Ойын алаңында айқын басымдық көрсеткен командалардың жанкүйерлерді еліктірер қызықты сәттері де көп болды. Жарыс барысында әр команданың жеңіске деген құлшынысы барынша аңғарылып тұрды. Десек те, жарыстың аты – жарыс. Бір тараптың жеңіске жетіп, екіншісінің ұтылуы – табиғи заңдылық.
Жарыс қорытындысында үшінші орынды «Талап» командасы жеңіп алды. Ал, екінші орын – «Ұлытау-2015» командасына бұйырды. Бірінші орынды «Намыс» командасы иеленді.
Сонымен қатар, арнайы тағайындалған «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» сынды номинация иегерлері анықталып, оларға да сыйлықтар табысталды. Бұдан басқа, турнирге атсалысқандарға да Алғыс хаттар берілді. Жеңімпаз бен жүлдегер командаларға тиістілігіне сәйкес, дипломдар, кубок, медальдар табысталды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
