Ұлытаудың ұландары топ жарды

Соңғы жылдары қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың таным көкжиегін кеңейту және интеллектуалды ортаны дамыту мәселесі жиі көтеріліп келеді. Әсіресе, ақпарат тасқыны күшейіп, әлеуметтік желі уақыттың басым бөлігін иеленген кезеңде жастарды кітапқа, ізденіске және терең ойлауға баулу – маңызды міндеттердің біріне айналды. Осындай игі мақсаттарға қызмет етіп келе жатқан жобалардың бірі – «Дарабоз» зияткерлік ойыны.

Бастапқыда Сәтбаев қаласында дүниеге келген бұл жоба уақыт өте келе өңірлік деңгейден асып, облыстық ауқымдағы беделді білім сайысына айналды. Биыл екінші рет облыстық форматта ұйымдастырылған «Дарабоз – 2026» байқауы тағы да білімділердің басын қосып, кітапсүйер қауымның назарын аударды.
Биылғы ойынның ерекшелігі – оның облыстың түкпір-түкпірінен келген қатысушыларды қамтуында. Жаңаарқа ауданынан бастап Ұлытау ауданының Терісаққан, Қарсақбай секілді шалғай ауылдарына дейінгі аралықтағы білімді жастар өз бақтарын сынауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларынан да көптеген өтінімдер түсті. Жалпы саны отыздан астам үміткердің арасынан іріктеліп алынған он сегіз қатысушы үш кезеңнен тұратын тартысты сайысқа қатысты. Әр турда білім ғана емес, жылдамдық, логикалық ойлау, талдау қабілеті мен әдеби дайындық та сыналды. Нәтижесінде, алты қатысушы ақтық сынға жолдама алып, көрермендерге жоғары деңгейдегі интеллектуалдық ойын үлгісін көрсетті.
«Дарабоздың» өзге интеллектуалды ойындардан басты ерекшелігі – оның кітап оқуға негізделуі. Бұл жай ғана сұрақ-жауап форматындағы жарыс емес. Қатысушылар белгілі бір кезеңде ұсынылған әдебиеттерді оқып, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін, шығармашылық мұрасын жан-жақты зерттейді. Яғни, ойын білімді тексерумен қатар жаңа білім қалыптастыратын алаң қызметін атқарады. Зияткерлік ойынның ашылу салтанатында жоба авторы, ақын әрі ұстаз Абай Ораз бұл мәселеге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыруда Сәтбаев қаласы республикадағы белсенді орталықтардың біріне айналып отыр. Соңғы жылдары ұйымдастырылған «Жүз жол жыр», «Өзбекәлі. Мәдени майдан» секілді жобалар өңір тұрғындарының әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Шын мәнінде, «Дарабоздың» құндылығы да осында. Ол жастарды дайын ақпаратты қабылдауға емес, ізденуге, оқуға және сараптауға үйретеді.
Жыл сайын ойынның тақырыптық ауқымы кеңейіп келеді. Ұйымдастырушылар қазақ тарихы мен әдебиетінде ерекше орны бар тұлғалардың өмірі мен еңбегін негізге алады. Биылғы маусымда бірнеше мерейтойлық дата назарға алынды. Атап айтқанда, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы, Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы, Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдығы, Жақып Ақбаевтың 150 жылдығы, Сайын Мұратбеков пен Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығы.
Қатысушылар аталған тұлғалардың өмір жолын, шығармашылық мұрасын, қоғамдық қызметін зерттеп, сұрақтарға жауап берді.
Ал, финалдық кезеңде Ұлытау топырағынан шыққан көрнекті қаламгерлер Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың шығармашылығы негізгі тақырыпқа айналды. Бұл өңірлік тұлғаларды насихаттау бағытындағы маңызды қадам болды.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – қатысушылар құрамының әртүрлі болуы. Көп жағдайда мұндай білім бәйгелеріне филологтар немесе тарихшылар ғана қатысады деген түсінік қалыптасқан. Алайда, «Дарабоз» бұл қағиданы әлдеқашан бұзған. Биылғы ойын барысында әдебиет мамандарымен қатар физика-математика пәнінің мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, өнер адамдары және жеке кәсіпкерлер де бақ сынады. Әсіресе, Серке Қожамқұлов театрының әртістері арасынан екі қатысушының финалға дейін жетуі көпшіліктің назарын аударды. Бұл шығармашылық адамдардың да интеллектуалдық дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Сондай-ақ, Терісаққан ауылынан келген теміржолшы әрі кәсіпкер Ахат Алпысұлының білімі мен дайындығы көрермендер мен қазылардың жоғары бағасына ие болды.
Өткен жылы жеңіске жете алмаған қатысушылардың биыл қайта оралып, жақсы нәтиже көрсетуі де жобаның тәрбиелік маңызын аңғартады. Бұл жерде жеңіс қана емес, үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі дамыту үдерісі маңызды.
Тартысты өткен сайыс қорытындысында Бас бәйгені (700 000 теңге) – Бағлан Оразалы (Сәтбаев қаласы) қанжығасына байлады. Ал І орынды (500 000 теңге) – Ахат Алпысұлы (Ұлытау ауданы) жеңіп алды. ІІ орын (250 000 теңге) – Қанағат Бейсенбайға (Қарсақбай кенті), ІІІ орын (150 000 теңге) – Айдана Әлжантегіне (Жаңаарқа ауданы) бұйырды.
Ал Нұрлыхан Файзиев пен Арайлым Өтеген арнайы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, қалған қатысушыларға ынталандыру және арнайы жүлделер табысталды. Бұл ұйымдастырушылардың әрбір қатысушының еңбегін бағалауға мән бергенін көрсетеді.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.