Білім беруді жасанды интеллект арқылы жаңғырту
Қазақстанда білім беру жүйесін цифрландыру жаңа кезеңге өтті. Жуырда Президентіміз орта білім беру саласына жасанды интеллектті енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойып, мектептерді заманауи технологиялармен қамтамасыз ету және оқыту сапасын арттыру мақсаттарын айқындады.

Ұлытау облысының Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Төребековтің айтуынша, бұл бастама оқыту процесін тиімді әрі икемді етуге, әрбір оқушыға жеке оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Білім беруді цифрландыру мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуды, заманауи платформаларды қолдануды және оқыту әдістерін әр оқушының қажеттіліктеріне бейімдеуді көздейді. Жасанды интеллект технологиялары оқушылардың оқу қарқынын ескеріп, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді, – дейді ол.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 тамызға дейін пилоттық жобалар аясында мектептерге тұрақты жоғары жылдамдықты интернет орнатылып, техникалық жабдықтар жеткізіледі. Ал 1 қыркүйекке дейін жасанды интеллект қолдану стандарттары бекітіледі.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, Үкіметтің басты бағыттарының бірі – шағын жинақты ауыл мектептерін қолдау. Пилоттық жобаға еліміздегі 2 600 ауыл мектебінің ішінен 500 мектеп қатысады. Бұл тәжірибе цифрлық технологияларды нақты жағдайға бейімдеуге, білім сапасын арттыруға және мектеп басқаруын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Облыстағы 87 білім беру ұйымында жасанды интеллект элементтері «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінде қолданылуда. Сондай-ақ, оқушыларды ҰБТ, МОДО және халықаралық зерттеулерге даярлау үшін Testter.kz, BilimLand, Google Workspace for Education және Aqyl AI сияқты платформалар пайдаланылады. Бұл платформалар оқу жетістіктерін талдауға, білім олқылықтарын анықтауға және жеке оқу траекториясын құруға көмектеседі.
Облыста 5 341 педагогтің 3 547-сі цифрландыру және жасанды интеллект қолдану бағытында оқытудан өтті. «Өрлеу» орталығы мен «USTAZGA AI» жобасы аясында өткізілген курстар практикалық бағытта, сабаққа ЖИ құралдарын енгізу мен инновациялық әдістерді қолдануға арналған.
Барлық 87 мектеп интернет желісіне тұрақты қосылған. 46 мектеп Starlink жерсеріктік технологиясына қосылып, 150 Мбит/секунд жылдамдыққа қол жеткізді. Бұл шалғай ауыл мектептеріндегі оқушыларға сапалы цифрлық білім ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, – дейді Маратбек Жақыпбекұлы өз сұхбатында.
Сайып келгенде, цифрлық трансформация – уақыт талабы. Жасанды интеллект арқылы оқыту сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту және әр оқушыға сапалы білім беру мүмкіндігі кеңейе түседі. Ұлытау облысындағы бастамалар еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтерудің нақты қадамы болып табылады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
