Жаңа белесті бағындыру – жастардың қолында
Ұлытау ауданында облыстық Қоғамдық даму басқармасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауқымды облыстық жастар форумы өтті. Іс-шараға Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан 80-ге жуық белсенді жас қатысты. Әр өңірдің өкілдері өз бастамаларын таныстырып, жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.

Форумға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов және «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысып, жастарға ізгі тілектерін жеткізіп, тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов жастарды құттықтап, олардың қоғам дамуына қосқан үлесінің маңыздылығына тоқталды.
Форум барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, ортақ идеяларды талқылап, жаңа серіктестік байланыстар орнатты. Іс-шара жастардың белсенділігін арттыруға және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Мамандар мен қатысушылардың пікірінше, бұл кездесу алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болатын маңызды бастама болды.
Ізбасар ОЙБАС.
