Кәсіптік бағдар беру – заман талабы
Жезқазған тау-кен металлургия колледжінің мамандары Ұлытау ауданы мектептерінің 8–9 сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру мақсатында мазмұнды кездесу ұйымдастырды.

Кездесу барысында оқушылар колледжде оқытылатын мамандықтар жайлы кеңінен ақпарат алды. Студенттердің қолымен жасалған темір гүлдер мен өзге де бұйымдар таныстырылып, олардың шығармашылық және кәсіби шеберлігі көрсетілді. Сонымен қатар, колледжде кран машинисі мамандығына даярланатыны айтылып, бұл мамандықтың бүгінгі таңда жоғары сұранысқа ие екені түсіндірілді.
Кездесу кезінде машина бөлшектері көрсетіліп, көлік жөндеуді меңгерудің күнделікті өмірде аса қажетті дағды екені атап өтілді. Колледж өкілдері мыс зауыты мен шахталарда еңбек етіп жүрген шәкірттеріне мақтанышпен қарайтындықтарын жеткізді.
Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдауға қатысты пайдалы мәлімет алды.
Кездесу соңында мектептің кәсіби бағдар беруші педагогы Бибі-Жар Дәркенбаева колледж ұстаздарына алғысын білдіріп, осындай кездесулердің жас ұрпақтың болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт беретінін атап өтті.
Мұндай шаралар оқушылардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, кәсіби бағдарлау ісіне үлкен үлес қосады.
Аманкелді АҚШАЛ.