Еламан Ізтілеуов – құрмет құшағында
Алматы қаласында өткен ІІМ қызметкерлері арасындағы дзюдодан Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған Еламан Ізтілеуов аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың қабылдауында болды. Спортшының жарқын жетістігі аудан басшылығы мен ауыл тұрғындарын қуантты. Қабылдауда Еламанға Алғыс хат табысталып, демеушілер есебінен қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, ауыл азаматтары құрмет ретінде ат мінгізіп, спортшыға ерекше құрмет көрсетті.

Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков спортшыны жеңісімен құттықтап, оның табандылығы мен адал еңбегінің арқасында биік белестерге жеткенін атап өтті. Ол Еламанның қазақ күресі, дзюдо және самбо бойынша жетістіктерін ерекше мақтаныш ретінде бағалап, оның ауданның спорт саласындағы абыройын арттырғанын айтты. Сонымен қатар, спортшының осындай жоғары нәтижелерге жетуінде оның жеке бапкері Есілбай Өжкеновтың да үлкен еңбегі бар екендігін атап өтті.
– Еламанның жетістіктері – тек өз жетістігі емес, бүкіл ауданымыздың жеңісі. Ол жастарымызға үлгі болып, спорттың барлық түрінде үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынын дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, бапкері Есілбай Өжкеновке де алғыс айтамын. Еламанның жеңісі сіздердің бірлескен еңбектеріңіздің нәтижесі, – деді аудан әкімі.
Еламан Ізтілеуов өз кезегінде аудан басшылығы мен ауыл тұрғындарына көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Спортшы алдағы уақытта да жаңа биіктерді бағындыруға бар күшін жұмсайтынын жеткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, Еламан Ізтілеуов 2001 жылы туған, ол қазақ күресінен облыс чемпионы, республикалық турнирлердің жүлдегері, дзюдодан Қазақстан чемпионы, самбодан және қазақ күресінен Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері атанған. Оның жетістіктері ауданның спорт өмірінде үлкен оқиға болып отыр, ал оның жарқын болашағы мен жаңа жеңістерге жетуіне ауылдастары зор үміт артады. Аудан басшылығы болашақта осындай жастарды қолдауды әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.
Ізбасар ОЙБАС.