Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары!

Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

9 Мамыр – халқымыздың ерлігі мен елдік рухын ұлықтайтын, тарихымыздағы айрықша маңызға ие күн. Бұл – бейбіт өмір мен болашақ ұрпақтың бақыты үшін жан аямай күрескен боздақтардың батырлығына тағзым ететін қасиетті мереке.

Ардагер бабаларымыздың жанқияр ерлігі мен тылдағы тынымсыз еңбектің арқасында бейбіт өмірге қол жеткізгенімізге биыл 81 жыл толып отыр. Ұлы Жеңіс – халқымыздың бірлігі мен қайсар рухының айқын көрінісі. Біз майданда от кешкен ерлердің де, ел үшін аянбай еңбек еткен тыл азаматтарының да ерлігін әрдайым қастерлейміз.

Бұл ретте Ұлытау өңірінің алар орны ерекше. Қазақ мысының қара шаңырағы – Қарсақбай зауыты соғыс жылдары әскери өнімдер шығарып, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Бұл – біздің өңір үшін үлкен тарих, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мақтаныш. Қасиетті Ұлытау жерінен шыққан азаматтар майдан даласында да, тылда да табандылық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті.

Батыр бабалардың аманатына адал болып, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрсын!

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі.