«Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі»

Өткен аптада Жезқазған қаласында өткен «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» семинар-тренингі үлкен жетістіктермен қорытындыланды. Іс-шараның мақсаты – ауыл мектептерінде білім сапасын арттыру, құндылыққа негізделген тәрбие жүйесін күшейту және цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы ауыл мектебінің әлеуетін жаңа деңгейге көтеру болды.

Семинардың пленарлық отырысы «Білім берудің жаңа парадигмасы: құндылық, сапа және даму» тақырыбында өтті. Отырыс барысында ауыл мектептеріндегі білім беру жүйесін жақсартуға бағытталған бірнеше маңызды бастамалар талқыланды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында құндылыққа негізделген білім беру тәсілдері мен «Qazaq Digital Mektebi» жобасының маңызы айтылды. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың ауыл мектептері үшін мүмкіндіктері мен артықшылықтары қарастырылды.
Семинар аясында қатысушылар төрт түрлі секция бойынша тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, балалардың әлеуметтік желі мен компьютерлік ойындарға тәуелділігін алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениеті тақырыбында қатысушылар бұл мәселеге қатысты тиімді алдын алу шараларын ұсынып, тәжірибемен бөлісті.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақ үдерісіне тиімді енгізу тақырыбы бойынша жасанды интеллекттің білім беру саласындағы ықпалы мен оның сабақтағы қолдану әдістері қарастырылды.
Ауыл мектептері түлектері мен педагогтеріне арналған халықаралық білім бағдарламалары деген бөлімде халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері мен оның ауыл мектептеріне әсері талқыланды.
Ал ауыл мектептеріндегі басқару мәселелері және икемді басқару тәсілдері бөлімінде басқару әдістерінің жаңартылуы мен тиімділігін арттыру жолдары туралы баяндамалар тыңдалды.
Семинарға 200-ге жуық адам қатысып, ауыл мектептерінің директоры мен әдіскерлері, мұғалімдер, ата-аналар комитеттерінің өкілдері, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері өзара тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Іс-шара барысында барлық қатысушылар білім беру саласындағы жаңа тәсілдер мен технологияларды енгізуге қатысты пікірлер мен ұсыныстарын білдірді.
Бұл семинар ауыл мектептерінің білім беру жүйесін жаңартуға және заманауи талаптарға сай етуге мүмкіндік беретін нақты шешімдер мен бағыттарды ұсынды. Қатысушылар мен сарапшылар арасында талқылаулар мен пікір алмасулар білім беру саласының болашағына жаңа көзқарас қалыптастырды.
Сайып келгенде, «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» семинар-тренингі өзінің басты мақсатын іске асырып, ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру жолында маңызды қадам болды. Қатысушылар семинар барысында алған жаңа білімдерін өз жұмыстарында қолдануға, ауыл мектептерін дамытуда оң өзгерістер жасауға мүмкіндік алады.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.