Ұлытаулық өрендер оза шапты

Сәрсенбі күні Сәтбаев қаласында жылда өтетін облыстық оқушылар айтыс үшінші рет жалауын көтерді. Биылғы айтыстың басты тақырыбы – қазақтың жыр алыбы, дәстүрлі айтыс өнерінің айрықша тұлғасы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналды. Жыр додасына Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданының жас ақындары қатысып, айтыстың жаңа буынын таныстырды.

Қала әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен өткен жыр сайысына сегіз балғын ақын қатысып, сөз маржанын теріп, әсем жырдан өрелі ой дестеледі. Сол сегіздің төртеуі Ұлытау ауданынан келгенін ерекше атап айту ләзім.
Жыр додасында Бақдәулет Ералиев пен Ұлдана Батырбек, Сезім Жұман мен Аяжан Тұрсын, Нұрислам Мұхаммедәлі мен Гүлім Егеубай сынды жас ақындар өз өнерлерімен көпшілікті сүйсіндірді. Олардың сөз саптаулары мен айтысқа деген шынайы құштарлықтары айтыс өнерін жаңаша деңгейге көтерді. Жас ақындардың арасында шынайы поэзия мен астарлы ой айту, әзіл-қалжыңмен өрілген сөздер де тыңдармандарға ерекше әсер етті.
Айтыстың соңында сәтбаевтық Ерсай Серік пен ұлытаулық Ибраһим Шүкір сахнаға шығып, көрермендердің назарын өздеріне аударды. Арқалы екі ақынның ойы мен сөзінің өткірлігі, тапқырлығы айтыстың тартысты әрі қызықты болғанын дәлелдеді.
Қазылар алқасы айтыстың бас жүлдесін Қоскөл ауылынан келген Ибраһим Шүкірге берді. Оның өнері мен ақындық шеберлігі айтыс өнерінің болашағына зор үміт ұялатады. Бірінші орынға Алғабас ауылының ақын қызы Гүлім Егеубай лайық деп танылды, екінші орын Сәтбаев қаласынан Ерсай Серікке, үшінші орын Жезқазған қаласынан Нұрислам Мұхаммедәліге берілді.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.