Экономикалық серпін: Ұлытау екі көрсеткіш бойынша алға шықты
Ұлытау облысында 2026 жылғы қаңтар–наурыз айларының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысында барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады. Соның ішінде республикалық рейтингте өңір екі көрсеткіш бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Атап айтқанда, өңір құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі бойынша бірінші орынды иеленді. Үш ай ішінде құрылыс көлемі 26,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артты (210%).
Бұл өсім өнеркәсіптік нысандар мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының қарқын алуымен тығыз байланысты. Нәтижесінде өңірде экономикалық белсенділік сақталып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Құрылыс саласындағы оң динамикаға бірқатар факторлар әсер етті. Атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттар құрылысының жандануы, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісінің артуы мен жеке компаниялардың белсенділігі ерекше рөл атқарды.
Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 40 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 75%-ға өсті. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлытау облысы республикалық рейтингте үшінші орынға тұрақтады.
Бұл – өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанының және бизнес үшін қолайлы орта қалыптасқанының нақты көрінісі.
Бүгінде облыста инвестициялық жобаларды іске асыру, инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Алдағы кезеңде де жаңа өндірістерді іске қосу және инвестиция көлемін арттыру арқылы өңір экономикасының тұрақты өсімі қамтамасыз етілмек.
