Қоқыс жағу – заң бұзушылық және қауіп көзі

Ұлытау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Соңғы уақытта тұрмыстық қалдықтарды, құрғақ шөп пен қоқысты өз бетінше жағу фактілері тіркелуде. Бұл әрекеттер тек қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, адам өмірі мен мүлкіне үлкен қауіп төндіреді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабына сәйкес, қоқысты ашық жерде жағу құқық бұзушылық болып табылады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл, лауазымды тұлғаларға – 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК және одан жоғары мөлшерде айыппұл қарастырылған.
Әсіресе, көктемгі кезеңде желдің күшеюіне байланысты өрттің таралу қаупі арта түседі. Бір қарағанда, қауіпсіз көрінген от тез арада бақылаудан шығып, тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарына таралуы мүмкін. Мұндай жағдайлар орны толмас шығындарға алып келеді.
Осыған байланысты, Ұлытау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі азаматтарға қоқысты арнайы белгіленген орындарға шығарып, ашық отты қолданбауды ескертеді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – әрбір азаматтың міндеті.
Құрметті аудан тұрғындары! Заң талаптарын сақтап, өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыздар. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ борышымыз.

Ұлытау ауданының ТЖ бөлімі.