Инфрақұрылымның жаңғыруы игілікке бастайды
Мибұлақ ауылдық округінде елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – көше жарықтандыру жүйесін жаңғырту.

Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың ауыл тұрғындарымен өткен кездесулерінде айтылған ұсыныс-тілектер бойынша аудандық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жұмыстар басталып кетті. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қолға алынды.
Қазіргі таңда Сәрсенбин және Сәркеев көшелерінде 30 жаңа баған орнатылып, электр желілері тартылып, заманауи көше шамдары іске қосылды. Жаңа жарықтандыру жүйесі ауыл тұрғындарының кешкі және түнгі уақытта еркін қозғалуына мүмкіндік туғызып, қоғамдық тәртіптің сақталуына да оң әсерін тигізеді.
– Ауылдарда көшелердің жарықтандырылуы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Осы жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тұрғындарымыздың өмір сапасы артатынына сенімдімін, – деді аудан әкімі Аманжол Мырзабеков.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта ауыл аумағындағы тағы 44 бағанға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Тозған сымдар мен істен шыққан шамдар кезең-кезеңімен ауыстырылып, ауылдың барлық көшелері толық жарықтандырылатын болады.
Жаңғырту жұмыстарымен қатар бұл шара ауылды дамыту мен елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
