Еңбекқор мұрап еліне «оралды»

Бұл қуанышты хабарды көпшілікке осылайша жеткізгеннің ерсілігі жоқ-ау. Ұлытау өңіріндегі ақ тарының атасы атанған майталман мұрап Үңгітбай Бейсенұлы ШОРАҒАЙТЕГІНІҢ есімі Қоскөл ауылының басты көшесіне берілгені туралы шешім жарыққа шықты.

Ұлытаудың өзінің даңқындай атағы алысқа асып жатқан талай тарландар мен тарпаңдар бар. Әрқайсысы бір немесе бірнеше кітаптың қаһарманы болып кеткен. Жердің сыны мен сырын, құнары мен құрағын баққан біздің мұрап қана атыздың маңайынан ұзай алмай жатқан сияқты еді. Ол сонау кеңестік бірлік жаңа топтасып, ұжымдастыру науқаны қызған шақтың белсендісі болса да, отызыншы жылдардың басты саяси ұраны саналған алғашқы сайлауды бар ынтасымен қуана қарсы алса да, Ұлы Отан соғысының ызғары қысқан қырқыншы жылдары еселей түскен ерен еңбегімен үнемі алдыңғы шепте жүрсе де, тек ел есін жиып, етегін жинай бастаған 1946 жылы ғана Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне тұңғыш рет қатысыпты. Ол алғаш рет 1944 жылы ғана бірінші марапатына ие болған. Оған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы табыс етілген.

Ал шындығында Бейсен абыздың Үңгітбайы жасөспірім бозбала шағында-ақ мұрап атанған еді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары ТОЗ, артель, колхоз сияқты бірлестік ұйымдарына бірінші болып тіркеліп, тары егістігіне молынан жер алатын.

Негізінен, диханшылық өнер Алтыбас қыпшақ елінің атакәсібі болса керек. Үңгітбай Ақтөбенің Ойылындағы Шығанақпен, Торғайдағы Албарбөгет деген жерде отырған Сейітқұлмен жақсы байланыста болған. Бұл үшеуі де өздерін Торғай даласында туып, өскен туысқандар санайды. Үшеуі де тарыдан өнім алудың хас шеберлері.

Үңгітбайдың екі жасар нәресте шағында Торғайда отырған елу шаңырақ патшаның әмірімен Ұлытау тауының оңтүстік шығысында ағып жатқан Бұланты өзенінің бойындағы Ақши аталатын алапқа көшірілген екен. Ержеткен Үңгітбай жолаушылап шыққан сайын сол Торғайдағы туысқандарымен таныса жүруді әдет еткен. Туысқандық достыққа ұласып, достық бір-бірінен кәсіп пен өнер қырларын қабылдайтын дағдыға айналған.

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой қазақ. Алдымен Үңгітбай діни сенімін берік ұстайтындықтан, жасынан пірәдар атанған. Ол ағаштан ою ойып, темірден түйін түйетін қолының ебі бар шебер болған. Киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, бақандарын былай қойғанда, бесік, кебеже, сандық сияқты бұйымдар мен шара, табақ, тостақ, ожау секілді ыдыс-аяқ түрлерін көзге тартымды да сәнді етіп жасай білген. Ол малдың терісі мен тарамысынан жүген, ноқта, шылбыр, қамшы, өмілдірік өріп, шалбар, мәсі, кебіс, етік сынды киімдер де тіккен. Осындай бұйымдардың бағалыларын Атбасар мен Қоянды жәрмеңкелеріне апарып, саудаға да талай рет қатысқан.

Кеңес дәуірінде ол негізінен тары егісінен барынша мол өнім алумен айналысты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында елімізге тап болған ашаршылық нәубетінен талай отбасының дін-аман шығуына мұрап еңбегі үлкен әсер еткені даусыз. Егістігімен айналыса жүріп, қолөнерін де тастамаған шебердің алақанынан туындаған талай әдемі бұйымдарды Ұлытау мен Торғайдың көптеген үйлерінен кездестіруге болады.

Үңгітбай Бейсенұлы 1957 жылы 75 жасында зейнеткерлікке шықты. Өйткені, ұжымшарлар кеңшарларға бірігіп, тары егістігі шаруашылықтардан шеттетіле бастаған болатын. Бұл кезде зайыбы Айналқия Бектасқызы екеуі тәрбиелеген балалары да ержеткен еді. Үлкендері Ідіріс қана жасы жетіп, Ұлы Отан соғысына қатысып келіп, бейбіт еңбекке қайта араласқан. Одан кейінгі Әбдіқадыр да ауыл шаруашылығының механизаторы мамандығын таңдаса, Жалғас Жезқазған өндірісіндегі атақты металлургтердің бірі болып шықты. Кенжелері Қадыр жоғары білімді ауыл шаруашылығы маманы болған. Төрт баладан тараған ұрпақ қазірде Ұлытау-Жезқазған өңірінің көптеген кәсіпорындары мен мекемелерінде еңбек етіп жүр.

Атақты мұрап жарық дүниеден 94 жасында озды. Бұл ғасырға жуық уақыт 1882 мен 1976 жылдар аралығы еді. Елеулі еңбегімен де, елін ерекше сүйген емеурінімен де келер ұрпаққа өлшеусіз өнеге саналар атамыздың аты жұртшылық жадында сақтала берері анық.

Аманжол ҮСЕНТЕГІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.