Қарсақбайда жаңа зауыт ашылуы мүмкін
Ұлытау облысында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды кездесу өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев Қытайдың Shaanxi Zhongtian Haobo Real Estate Development Co., Ltd компаниясының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Негізгі назар Қарсақбай кенті аумағында техногенді минералды түзілімдерді қайта өңдейтін зауыт салу мүмкіндігіне аударылды.
Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда 300-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл бастама өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін арттырып, экономикалық белсенділікті күшейтуге серпін береді.
Сонымен қатар, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік бермек. Заманауи технологияларды енгізу арқылы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану көзделуде.
Жалпы, бұл жоба Қарсақбай кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
