Әлидің биігі – алда

Ұлт ұясы – Ұлытаудың ұлдары шымыр, отжүректі келеді. Жігер де, намыс та, рух та бойларында. Олар нағыз қара күштің иесі екендігін боз кілемде дәлелдеп жүр. Сондай үкілеген үмітіміздің бірі – Әли Жетпіс.

Ол жақында Алматы қаласында өткен республикалық турнирде дзюдо күресінен үшінші орын алып, аудан халқын қуантты. Жас спортшы бұған дейін де жолынан тайған емес. Қай жарысқа барса да құралақан қайтпады. Бұл оның өзіне тән қайсарлығының арқасы шығар. Әр жарыстарда жеңіс жолдарын жаңғыртып, жүлделі орын олжасын Ұлытау ауданының қоржынына салып келеді. Бұл жолы Әли 32 келі салмақ дәрежесінде 2016-2017 жылдары туған жасөспірімдер арасында бақ сынасты. Әдеттегідей, тартысты айқаста жүлделі үшінші орынды иеленді. Сөйтіп, ауданға абыроймен оралды.
Турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дзюдо күресін жасөспірімдер арасында танымал ету, жас балуандардың шеберлігін шыңдау. Осы мақсатта ұйымдастырылған турнирге «Тама» спорт клубының төрешілері басшылық жасады. Бәсекелі сын Дзюдо федерациясы бекіткен ережеге сәйкес өткізілді.
Екі күнге созылған турнирде жасындай жарқылдаған Әли Жетпіс тау ұлына тән батылдық көрсетті. Қарсыластарына шамалы ғана есе жіберіп қойғаны болмаса, өзінің осал еместігін боз кілемде анық байқатты. Оның бапкері аудандық спорт мектебінің елге танымал жаттықтырушысы Есілбай Өжікенов.
Қалай айтсақ та, жас спортшы Әли Жетпістің биігі – алда! Тек, тіл-көзден сақтасын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.