Айшаның жетістігі

Жақында облыстан бастауыш сынып оқушысының жүлдемен оралғанын естігенде, көңіліміз марқайып қалғаны рас. Оның үстіне жас дзюдошы ұл бала емес, қыз бала екенін білгенде қалай қуанбасқа?!

Ол – Айша Марат. №1 Ұлытау тірек мектебінің 4-сынып оқушысы. Жезқазған қаласында өткен ашық біріншілікте дзюдо күресінен үшінші орын алған қыз. Бұл жарыс 2013-2014 жылдары туған қыздар арасында өтті. Оған аймағымыздан жетпіске тарта қыз бала қатысып, бақ таластырды. Бәсекелі сынға облысымыздың мамандандырылған олимпиада резервтегі балалар мен жас өспірімдер мектебінің жаттықтырушылары төрелік етті.
Дүбірлі додада 30 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан Айша Марат үшінші орынды жеңіп алды. Ол бұған дейін облыста өткен ашық біріншіліктерде бірінші және екінші орындарды жеңіп алған болатын. Оның дзюдо күресімен айналысқанына небәрі алты ай ғана уақыт болды. Сөйте тұра, өрімдей қыз үш рет жеңіс тұғырынан көрінді. Оның жетістігі жаттықтырушының еңбегі.
Айшаның жеке бапкері – Әділет Бейбіт. Бапкері де шәкіртінің жеңіске жеткеніне қуануда.
– Айша тау қыздарының арасынан шыққан дзюдо күресінің алғашқыларының бірі. Ол алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра алатынына сеніміміз мол. Оның техникалық шеберлігі өте мықты. Осы қалпынан таймай, жаттығуын жалғастыра берсе, түбі бұл баладан елге танымал жақсы спортшы шығады, – дейді Әділет Бейбітұлы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.