Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – басты назарда
Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы ретте Департамент мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына тұрақты бақылау жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, 2025 жылы Ұлытау облысы бойынша 139 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қорғалды. Бұл көрсеткіш – мемлекеттік органдар тарапынан заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және қызметшілердің еңбек, әлеуметтік және өзге де құқықтарының бұзылуына жол бермеу бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Бұдан бөлек, жүргізілген тексерулер мен талдау жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің іссапар шығындары бойынша заңнама талаптарының сақталмау деректері анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге 7,5 млн теңге көлемінде іссапар шығындары қайтарылды. Бұл – қызметшілердің материалдық құқықтарын қорғау және бюджет қаражатының заңды әрі әділ игерілуін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам.
Департамент тарапынан жүргізілген бақылау іс-шаралары барысында мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы сақтауына талдау жасалып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде міндетті ұсынымдар енгізілді. Олардың орындалуы тұрақты бақылауда.
Мемлекеттік қызметшінің құқықтарын қорғау – тиімді, әділ және ашық мемлекеттік аппарат қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Еркебұлан СЫЛҚЫМБЕКҰЛЫ,
Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.

