ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ БӘРІНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ – жарияланған жаңа Конституция жобасының ерекшелігі
Мемлекет пен оның халқының, демек, жеке өзінің де ертеңіне селқос қарамайтын қалың қауымның Ата Заңның жаңғыртылған жобасын қабылдау мақсатында биылғы жылдың 15 наурызы күні өткізілетін референдумды ұлттың түпкі мүддесіне қатысты таңдау жасайтын маңызды сәт деп бағамдайтыны күмәнсіз. Бұл тұжырымның астарында өзіміз етене танып, жақын араласатын алыс-жақындағы ағайынның бір арнаға тоғысқан ортақ пікірі жатыр.

Қай жағынан алып қарастырсақ та, референдум өтетін күн – кімнің де болсын, артық пен кемді терең пайым тұрғысынан зерделеп, түбегейлі шешім қабылдайтын шағы. Өз ойымды бүкпесіз айтар болсам, сындарлы сәтте жалпы халықтың оң шешім қабылдарына сенімдімін. Өйткені, мемлекеттің жоғары деңгейлі басшылығы тарапынан қозғау салынатын кез келген жаңа бастама жаңғыру мен одан әрі даму мақсатында алға тартылатыны үлкенге де кішіге де жақсы мәлім. Ал, Ата Заң жобасына енгізілген өзгерістер – осы бағыттағы қадамдарға жол ашудың негізі.
Жаңа Конституция жобасындағы баптардың қай-қайсы болсын мейлі, ұлттық мүддені меже тұтатыны айқын аңғарылады. Мұны нақтылау үшін жаңа үлгідегі Ата Заңның жекелеген баптарына шолу жасап көрелік. Мәселен, «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі», «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі». Міне, осының бәрі – жоғарыдағы кесімді пікірдің айшықты айғағы.
Сондықтан, елдің ертеңі үшін жауапты сәтте қалың қауым болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білу – өте маңызды қажеттілік.
Біз – ықылым замандардан бері елдік мұрат бағдарынан таймаған халықпыз. Ал, «елдік мұрат» пен «ұлттық мүдде» ұстанымдары – мағыналас ұғымдар.
Ендеше, осынау ұстанымдар айғақталар сәт – Референдум өтетін күн!
Бұл – азаматтық парыз!
Бұл – елдің келер күндердегі одан әрі даму жолы!
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.

