Жол инфрақұрылымы: Жезқазған мен Сәтбаевта биыл қандай жұмыстар атқарылады?

Биыл Жезқазған қаласында жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылады. Қала бойынша 13 көшеге жаңа асфальт төселіп, 12 орамда аулаішілік жол жөндеуден өтеді.

Сонымен қатар облыс орталығында 4,3 шақырым жолға арнайы жол таңбалары сызылып, 130 жаңа жол белгісі орнатылады. Бұған қоса, 17 шақырым жолға заманауи пластикалық жол таңбалары төселеді. Барлық жоспарланған жұмыстар 1 мамырдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастайды.

Ал Сәтбаев қаласында биыл 25 көше орташа жөндеуден өтеді. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы – 19,8 шақырым. Оның ішінде 19 көшенің жөндеу жұмыстары тұрғындардың ұсыныстары негізінде бекітілген тізім бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ Сәтбаев қаласында негізгі құрылыс жұмыстары басталғанға дейін салқын асфальт төсеу қолға алынады. Бұл – асфальт-бетон зауыттары толық іске қосылғанға дейін жол қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылатын уақытша әрі тиімді шешім.