Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерінде өзіңізді қалай тексеруге болады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 11 ақпан күні «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» № 1170 Жарлығына қол қойды. Жарлықтың негізінде 12 ақпан күні ҚР Орталық референдум комиссиясы «2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» № 6/10 қаулысын қабылдады.

Ұлытау облысы бойынша республикалық референдумда 42 комиссия мүшесі бар 1 облыстық, 3 қалалық, 2 аудандық аумақтық және 803 комиссия мүшесі бар 127 учаскелік референдум комиссиялары жұмыс жасайды. Учаскелік референдум комиссиялар ағымдағы жылғы 22 ақпаннан бастап жұмысқа кірісті. Бұқаралық ақпарат құралдарында а.ж. 21 ақпанға дейін аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының құрамдары және референдум учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар жарияланды. Сондай-ақ бұл ақпараттар әкімдік сайттарында да жарияланды. Облыс азаматтары 27 ақпаннан бастап өздерінің тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелерде референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімдерімен таныса алады. Сонымен қатар облыс тұрғындары облыс бойынша әкімдіктердің бірыңғай байланыс (call орталық) орталығы телефондарына Жезқазған қаласында 8 (7102) 76-02-16, Сәтбаев қаласында 8 (71063) 3-79-86, Қаражал қаласында 8 (71032) 2-66-19, Жаңаарқа ауданында 8 (71030) 2-87-98, Ұлытау ауданында 8 (71035) 14947 қоңырау соғып, өздерінің азаматтар тізіміне енген-енбегенін анықтау үшін референдумға дейін де тексеруге мүмкіндіктері бар.
Дауыс беру күніне он күн қалғанда учаскелік референдум комиссиялары азаматтарды QR-коды бар атаулы шақыру қағаздарын тарату арқылы дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етеді.
15 наурыз дауыс беру күні азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін тексеру үшін 57 онлайн-сервисі және азаматтарды тіркеу бойынша 6 онлайн-сервисі референдум учаскелерінде іске қосылады. Ерекше қажеттіліктері бар, мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету мақсатында референдум кезінде барлық 127 референдум учаскесінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға дауыс беру кабиналары және бұрыштар жасақталады.
Аумақтық референдум комиссиялары аталмыш республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізудің құқықтық негіздері бойынша учаскелік референдум комиссиялары топ-топтап көшпелі оқыту семинарлары өткізілетін болады.
Қазіргі есеп бойынша облыста республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың саны – 136 мыңнан астам адамды құрап отыр. Облыстың әр учаскелік референдум комиссиялары референдумның маңыздылығына жауапкершілікпен қарайды. Өз кезегінде, біз облыстың әрбір азаматын референдумның маңыздылығын түсініп, 15 наурызда республикалық референдумға қатысу құқығын іске асыруға шақырамыз.
А.С. Нысанбаев,
Ұлытау облысының аумақтық
референдум комиссиясының төрағасы.

