Шеңберлік қос ақын – ілтипат төрінде

Жақында «Ақындар ауылы» атанған шежірелі Шеңбердің қос ұланы – Жанат Әбдіғожин мен Мұқағали Сейтқазы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Бұл жетістік – Ұлытау облысының мерейі.

Талантымен дараланған жас қаламгерлерге мүшелік билетті Жезқазған қаласында ақын, жазушы, журналист Батырбек Мырзабековтың он томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов табыс етті.
Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған екі азамат та Шеңбер ауылының тумасы. Ақын ретінде есімдері облыс жұртшылығына кеңінен таныс. Олардың өршіл рухты жалынды жырлары сөз қадірін сезінетін қалың оқырман жүрегінің төрінен орын алып келеді. Ғаламат жырларынан қазақылық иіс аңқып тұратын жерлестеріміздің лирикалық өлеңдері өз алдына бір төбе.
Бұған дейін де екі ақын түрлі байқауларда топ жарды. Ал, осы жолғы Жазушылар одағының мүшесі атану – үлкен абырой. Сондықтан, жерлестерімізге әрі қарай да шығармашылық табыс тілейміз.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.