Тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтайық
Тұрғын үйлерде өрттен сақтанудың алдын – алу қажет. Әсіресе, күннің суып тұрған шағында абай болған жөн. Бүгінгі күні республикамыз бойынша ауа райының күрт суып, қатты аяз болып жатқаны белгілі. Теледидар мен күнделікті газет беттерінен және СМС хабарламаларынан да оқып-біліп жүрген боларсыздар. Осы орайда, әрбір мекемелерде, сауда орталықтарында, тұрғын үйлердің бөлмелерінде жылыту мақсатында қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдаланып жатады. Сонымен қатар, күннің суыған осындай кезінде үй – жайлардағы пештерді жағу күнделікті мөлшерден тыс, көп жағылады. Осының бәрін ескере келе сіздерге өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде қысқаша түсінік беріп, күнделікті тұрмыстағы ескере бермейтін жайларға мұқият болуды ұсынамыз.

Айта кетерлігі, қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдалануға болмайды, от жақпастан бұрын пештерге өте сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Әсіресе, жылыту пештері мен жүйелерінің түтін құбырлары, түтіндіктері және басқа элементтері тікелей жылыту маусымының алдында, сондай-ақ, кемінде үш айда бір рет тазалап отыру қажет. Екі айда бір реттен кем болмай үздіксіз әрекеттегі пештер мен ошақтар үшін тазартылуға тиіс, асхана плиталары және үздіксіз ұзақ мерзімде от жағылатын басқа да пештер айына бір реттен кем болмай тазартылып отыруы керек. Көмір арнайы бейімделген үй жайларда немесе жанатын құрылыстардан 8м жақын болмай орналасқан, арнайы бөлінген аландарда сақталуы керек. Пештің қуысына тамызық отынды жинауға болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, пештің үстіне жіп керіп кір жаюға, отты жанар-маймен тұтандыруға, от жағылған пештерді иесіз қалдыруға немесе оларды жас балаларға тапсыруға болмайды. Отқа оттықтың мөлшерінен асатын ұзын ағаш салуға болмайтынын ескертеміз. Тақтайлы еденде салынған әрбір пештің алдына көлемі 70х50 см темір қаңылтыр төселуі керек. Пештер мен мұржалардың жанатын ағаш материалдарынан өрт қаупінен сақтайтын заттардан ажыратылым аралықтарының қалыңдығы 38-50 см болуы шарт. Пештен шыққан күл – қоқыстарын жақын тұрғын үй мен қора жайлардың қасына төгуге болмайды, ыстық күлге су құйып, суытып арнайы орындарға төгу керек. Өкінішті оқиғаларды болдырмау үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыздар. Егерде, өрт қауіпсіздігі туындаған жағдайда аудандық ТЖ бөліміне төмендегідей телефондарға хабарлаңыздар. Сіздер үшін «101», «112» және байланыс бөліміндегі 8 (71035) 2-11-01 сенім телефондары жұмыс істейтіндігін хабарлаймыз.
Ұлытау ауданы ТЖ бөлімі.
