Үкімет кәмелетке толмағандар арасындағы қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған жеке профилактикалық жұмысты күшейтіп, өңірлік комиссиялардың жұмысын жаңғыртуда

Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Үкіметте кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қызметі, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер ортасында құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу шаралары қаралды.

Талқылауға министрліктер мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қосылған өңір әкімдіктері қатысты.

Отырыс барысында формалды әрекет етуден бас тартып, алдын ала және нақты бағытталған профилактикалық жұмысқа көшу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бірқатар өңірлерде басқару тәртібі мен ведомствоаралық үйлестіруді түбегейлі күшейтуді талап ететін жағдайлардың сақталып отырғаны атап өтілді. Мысал ретінде қоғамдық қауіпсіздікке қатысты резонансты оқиғалар, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі жекелеген бюджеттік шешімдердің тиімділігіне байланысты мәселелер айтылды.

Сонымен қатар балаларды қолдау шараларын алғаш рет бірыңғай кешенді форматта біріктірген «Қазақстан балалары» бағдарламасының іске асырылу барысы да талқыланды.

Біз санға емес, сапаға жұмыс істеуіміз керек – әр бала бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды. Комиссия формалды орган болып қалмауы тиіс. Әрбір жағдай жеке қаралып, тиісті сүйемелдеу белгіленіп, қабылданған шаралардың іс жүзіндегі нәтижесі міндетті түрде тексерілуі қажет. Біз үшін бала болашағы бәрінен маңызды, —  деп атап өтті Аида Балаева.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, бір апта ішінде өңірлік комиссиялардың құрамын жаңартып, оларды сарапшылар қауымдастығы, ата-аналар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестер өкілдері есебінен кеңейту, сондай-ақ «Қазақстан балалары» бағдарламасын іске асыру аясында өңірлерге республикалық құжат негізінде, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, өз жоспарларын бекіту тапсырылды.