Мәселелерге мән берілді
Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат жиыны өтті.

Бірқатар маңызды мәселелер қарастырылған басқосуға аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекемелер мен бөлім басшылары қатысты. Кенттер мен ауылдық округтер әкімдері ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.
Аппарат отырысында екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин баяндама жасады. Баяндама барысында Жангелді ауылдық округіне жабық футбол алаңын салу жоспарланып отырғаны айтылды.
Сонымен қатар, тұрғын үйлерді сатып алу, ауданның электр жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу және Аманкелді, Қоскөл ауылдарындағы су құбырларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетіндігі баяндалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер негізінде аудан басшысы Аманжол Батырбекұлы тиісті тұлғаларға мемлекеттік сатып алу конкурстарының заң аясында өтуін қатаң бақылауда ұстап, бөлінген қаржының уақытылы игерілуін тапсырды.
Бұдан кейін Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Әбжаппаров өткен жылғы атқарылған жұмыстарының қорытындысын және 2026 жылы атқарылатын жұмыстары туралы баяндады.
Баяндамадағы мәселелерге ерекше мән берген аудан басшысы әр бағытқа қатысты әрекеттерді талдай отырып, Ұлытау ауылдық округі әкімі Талғат Әбжаппаровтың атқарған жұмыстары мен нәтижелерін айта келе, олқылық жақтарын сынға алып, қажетсінетін тұстарын қалпына келтіруді міндеттеді.
Жиын қорытындысында аудан басшысы ағымдағы сипаттағы өзге де мәселелерді тілге тиек етіп, мекеме, бөлім басшыларына, кент, ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
