Вице-Президент қандай қызмет атқарады?
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Мемлекет басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Вице-Президенттің өкілеттігі жайында айтты.

Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды және қызметінен босатады.

Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді;
Сонымен қатар Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады.
Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.
Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет.
Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.
Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.
