«Ұлытау халқының ерекшелігі…»

«Қымызмұрындық» мейрамын алғаш рет қазақ халқының рухани-мәдени астанасы – қасиетті Ұлытауда көрдім. Бұл – алғашқы қымыздан дәм тату тойы. Құлын байланып, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға тума-туысқандар, ағайындар, ақсақалдар мен көрші-көлем шақырылады. Уыз қымыз меймандарға ізетпен, көпке бұйырсын деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне алғысын айтып, батасын береді. Ұлытаулықтардың бұл дәстүрі қонақжайлылықты, жомарттық пен мәрттікті, береке-бірлікті меңзейді.

Ұлытау халқының тағы бір ерекшелігі – әр үйде саумал құйып, пісетін күбінің болатыны. Жайлаудағы жалғыз үй болса да, бие байлайды, келген қонаққа қымыз ұсынады.

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,

дәрігер.

АҚТӨБЕ қаласы.