Ангиограф арқылы облыс дәрігерлері инсульттің алдын алуда

Ұлытау облысында заманауи медициналық технологиялардың арқасында күрделі қан-тамыр ауруларын ерте анықтап, тиімді емдеу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Соның бір мысалы – пациент Жүсіп Омаров.

Жүсіп Омаров бір жақ қолы мен аяғы ұйып, сөйлеуі қиындап қалғандықтан дәрігерлерге жүгінген. Ангиографиялық тексеру кезінде оның мойындағы қан тамырының 70 пайызға бітелгені анықталды. Дәрігерлер дереу әрекет етіп, тамырға стент қойды, қан айналымы қалпына келтірілді. Нәтижесінде Жүсіп Омаров қалыпты өміріне қайта оралды. Қазір ол жылу электр орталығында жұмыс істеп, зейнеткерлікке дайындалып жүр.

Бұл мүмкіндікті 2025 жылы Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасына орнатылған ангиограф аппараты қамтамасыз етті. Құрылғы облыс тұрғындары үшін күрделі медициналық көмекке қол жеткізуді жеңілдетті.

Ангиография – тамырлардың жағдайын дәл көрсететін зерттеу әдісі. Ол арқылы тамырлардың тарылуы, бітелуі, аневризмалар сияқты қауіпті жағдайлар анықталады. Бұл әдіс ультрадыбыстық зерттеуден ақпараттырақ және кардиология, нейрохирургия, тамыр хирургиясы сияқты салаларда қолданылады.
Аппарат орнатылғаннан бері облыста 57 науқасқа ота жасалды, оның 17-сі жоспарлы, 40-ы шұғыл түрде. Ота жасауды ангиохирург Бауыржан Ешжанов, нейрохирург Қуаныш Нәлібай және резидент Жалғас Әбдраманов жүзеге асырып келеді.
Бұрын мұндай күрделі медициналық көмекті алу үшін тұрғындар басқа қалаларға баруға мәжбүр болса, қазір бұл қызметтер өз өңірімізде тегін қолжетімді. Айта кету керек, ангиографтың көмегімен жасалатын барлық араласулар тұрғындар үшін МӘМС шеңберінде қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, өңірдің медициналық дамуына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған кешенді даму жоспары зор үлес қосып отыр.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі.