Әлеуметтік желінің жастар психологиясына әсері

Қазіргі жаһандану дәуірінде әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды, әсіресе жастардың күнделікті өмірі, ойлау жүйесі, мінез – құлқы мен психологиялық жай-күйі осы виртуалды кеңістікпен тығыз байланысты.

Осыған байланысты XXI ғасыр жастары ақпаратты дәстүрлі көздерден емес, көбінесе әлеуметтік желілер арқылы алады, қарым-қатынас орнатады, өзін танытады және қоғамдағы орнын айқындайды. Бұл құбылыс бір жағынан мүмкіндіктерге жол ашса, екінші жағынан жастар психологиясына айтарлықтай ықпал ететін күрделі факторға айналып отыр.
Әлеуметтік желілердің басты ерекшелігі – ақпараттың жылдамдығы мен қолжетімділігі, алайда дәл осы қасиеттер жастардың психикасына жүктеме түсіріп, кей жағдайларда теріс салдарға әкелуі мүмкін. Жастар әлеуметтік желіде өзін өзгелермен салыстыруға бейім келеді, бұл өз-өзіне деген сенімнің төмендеуіне, мазасыздық пен күйзеліске ұшырауына себеп болуы ықтимал. Әсіресе мінсіз өмірді, табысты тұлғаларды, әдемі келбетті үздіксіз көру жасөспірімдер мен жастардың өзін жеткіліксіз сезінуіне, комплекстердің қалыптасуына әкеледі.
Психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, әлеуметтік желіде өткізілетін уақыттың шамадан тыс көп болуы ұйқы режимінің бұзылуына, назар аудару қабілетінің төмендеуіне және эмоционалдық тұрақсыздыққа соқтырады.
Сонымен қатар виртуалды кеңістікте лайк, пікір, жазылушылар саны арқылы бағалану жастардың өзіндік құндылығын сыртқы факторларға тәуелді етіп қояды, бұл ішкі тепе-теңдіктің бұзылуына әсер етеді.
Осы орайда, әлеуметтік желілердің тағы бір маңызды ықпалы – қарым-қатынас мәдениетінің өзгеруі, бетпе-бет сөйлесудің азаюы жастардың эмпатия, жанашырлық, эмоцияны тану қабілеттерін әлсіретуі мүмкін. Виртуалды қарым-қатынас шынайы эмоцияны толық жеткізе алмағандықтан, кейбір жастар жалғыздық сезіміне тап болады, бұл өз кезегінде депрессиялық көңіл күйге ұласуы ықтимал.
Сондықтан әлеуметтік желілер кибербуллинг, яғни интернеттегі қорлау мен қудалаудың таралуына жол ашты, бұл әсіресе психикасы әлі толық қалыптаспаған жасөспірімдер үшін аса қауіпті. Кибербуллинг құрбандары өзін қоғамнан оқшауланғандай сезініп, қорқыныш пен сенімсіздікке бой алдыруы мүмкін, ал кей жағдайда бұл ауыр психологиялық жарақаттарға әкеледі.
Дегенмен әлеуметтік желілерді тек теріс қырынан ғана қарастыру біржақты көзқарас болар еді, себебі ол жастарға өзін дамытуға, білім алуға, шығармашылық қабілетін көрсетуге, пікір алмасуға, жаңа мүмкіндіктер табуға кең жол ашады. Көптеген жастар әлеуметтік желілер арқылы пайдалы ақпарат алып, кәсіби бағдарын айқындап, қоғамдық белсенділігін арттырып келеді. Онлайн платформалар өзін-өзі танытуға, жеке бренд қалыптастыруға, әлеуметтік мәселелерге назар аударуға мүмкіндік береді, бұл жастардың азаматтық санасының дамуына оң әсер етуі мүмкін.
Алайда басты мәселе әлеуметтік желіні қалай және қандай мөлшерде қолдануда болып отыр. Саналы және жауапты пайдалану мәдениеті қалыптаспаған жағдайда, әлеуметтік желілер психологиялық тәуелділікке әкелуі ықтимал, бұл шынайы өмірге деген қызығушылықтың төмендеуіне, мақсатсыз уақыт өткізуге, жауапкершіліктің әлсіреуіне себеп болады.
Осы ретте ата-аналардың, білім беру ұйымдарының және қоғамның рөлі ерекше, жастарға цифрлық гигиена, ақпаратты сүзгіден өткізу, эмоцияны басқару дағдыларын үйрету маңызды.
Жастарға әлеуметтік желінің тек құрал екенін, ал өмірдің басты құндылықтары шынайы қарым-қатынас, рухани даму және жеке мақсаттар екенін түсіндіру қажет. Әлеуметтік желілер жастар психологиясына екіжақты әсер ететін қуатты фактор болып табылады, ол дұрыс қолданылған жағдайда дамуға ықпал етсе, бақылаусыз қалған кезде психологиялық қиындықтардың көзіне айналуы мүмкін.
Әлеуметтік желілердің ықпалын басқару, жастардың психологиялық саулығын сақтау және саналы цифрлық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.