Тағылымды іс-шара өтті

Тәуелсіздік мерекесі аясында аудандық тарихи-өлкетану музейінде мазмұнды іс-шара өтті.

Іс-шараны аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Ұлытау аудандық мемлекеттік архиві бірлесіп, «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы» тақырыбында дөңгелек үстел түрінде өткізді. Алдымен іс-шара қонақтарына музей және архив қорларынан жинақталған тарихи деректер мен фотосуреттер көрсетіліп, көрме ұйымдастырылды.
Көрме жұмысын Ұлытау ауданының мемлекеттік архиві маманы Қарлығаш Жеңісқызы жүргізді. Әңгіме барысында Желтоқсан оқиғасының өңір тарихындағы орнын, сол толқуға қатысқан жерлестеріміздің жанкешті тағдырын әңгімелеп, мазмұнды мәліметтерімен бөлісті. Бұл жолы көрмеде азаттығын аңсаған өр рухты жастардың қайсарлығын ұмыттырмайтын мәнді айғақтар көп болды.
Іс-шараны музейдің бас қор сақтаушысы Нұрсұлу Раймова жүргізді. Ол 16 желтоқсан Тәуелсіздіктің бастауы болған күн екеніне тоқталды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының өр мінезін танытып, тәуелсіздікке деген ұмтылыстың айқын дәлеліне айналған тарихи кезең екенін баяндады.
Үстел басында аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рахат Таханұлы Желтоқсан оқиғасының ел Тәуелсіздігі жолындағы орнына тоқталып, өткенді ұмытпай, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық рухты дәріптеудің маңызына назар аударды.
Ал, Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлмира Серікқызы құнды деректер мен тарихи құжаттарды келешекке жеткізудегі архивтің атқаратын рөлін тілге тиек етіп, жастардың тарихи санасын қалыптастыруда мұндай шаралардың маңызы зор екенін айтты.
Шараға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестеріміз арнайы шақырылды. Олар — Дүйсенбек Байболов, Гүлнар Мәдениетқызы, Ерлан Көпешұлы, Нұржамал Әбүнасырқызы болатын.
Әсіресе, желтоқсан оқиғасының куәгері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Байболовтың айтқан естеліктері жұртшылықтың жүрегіне терең әсер қалдырды. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін әділетсіз айыптауларға ұшырап, тергеу кезінде көрген қиындықтарын, сол кезеңдегі әділетсіз сот үкімін, жазықсыз жапа шеккен күндерін баяндап берді.
Оның әңгімесі – Желтоқсаншылардың қандай ауыр жолдан өткені мен тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат екенін айшықтай түсті.
Үстел басына жиналғандар сол күндердің шынайы тарихын айтып қана қоймай, жастарға елдің тұтастығын қорғау, ұлт алдында жауапты болу жөнінде өнегелі ой қалдырды.
Сонымен қатар, шара барысында Желтоқсан оқиғасы туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар оқиғаның өрбу барысын, жастардың ерлігін экран арқылы көріп-білді. Бұл тарихи хроника залда отырған әр адамды тебірентіп, сол бір қасіретті де қиын күндердің рухын сездірді.
Бұдан кейін жиналған көпшілік аудандық мәдениет үйінің өнерпазы, күйші Нұржан Сүйімбаевтың орындауындағы «Салтанат» күйін тыңдап, ұлттық рухқа бөленді.
Шара соңында Желтоқсан оқиғасына қатысқан қонақтарға Ұлытау ауданы атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – олардың елдік жолындағы ерлігін бағалаудың, өскелең ұрпақтың құрметінің белгісі сияқты болды.
Жалпы айтқанда, «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы» атты дөңгелек үстел — Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын тереңнен түсіндірген, тәуелсіздіктің қадірін ұғындырған тағылымды кездесу болды.

Светлана ОМАРОВА,
Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің
кіші ғылыми қызметкері.