Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары! Қадірменді жерлестер!
Сіздерді еліміз үшін айрықша мәні бар, қасиетті мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманының орындалуы, ел бірлігі мен ұлттық рухтың берік тұғыры. Бұл – азаттық пен жауапкершілікті, сенім мен тұрақтылықты қатар арқалаған қастерлі құндылық.
Осы Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде Ұлытау облысы жаңа тыныс алып, әлеуметтік-экономикалық дамудың даңғыл жолына нық қадам басып келеді. Бұл – елдегі тұрақтылық пен бірліктің, ортақ еңбектің нақты нәтижесі.
Тәуелсіздік – бізге аманат. Оны көздің қарашығындай сақтау, ел мүддесіне адал қызмет ету – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Бірлік пен ынтымақты ту етіп, ортақ мақсат жолында жұмыла білсек, алар асуымыз әлі де биік.
Осы мерейлі күні әр шаңыраққа береке мен бақ, бейбіт өмір мен толайым табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Тәуелсіз Қазақстан жасай берсін!
Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі.
