Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл

Есірткі бизнесі қазіргі қоғамның тұрақты дамуына, адам капиталының сапасына және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін күрделі әлеуметтік-экономикалық және қылмыстық құбылыстардың бірі болып отыр. Заманауи жағдайда есірткі қылмысының түрлері кеңейіп, оның ұйымдасқан, жасырын және трансұлттық сипат алуы құқық қорғау органдарынан жүйелі, ғылыми негізделген және кешенді қарсы іс-қимыл шараларын талап етеді.

Осыған байланысты мемлекет тарапынан қабылданып жатқан стратегиялар, құқық қорғау және арнайы органдардың үйлесімді жұмысы, алдын алу тетіктерін жетілдіру – қоғам қауіпсіздігінің басымбағыттарының бірі болып қала береді.
Елімізде жүргізіліп отырған құқықтық саясатта есірткі айналымына нөлдік төзімділік қағидаты бекітіліп, заңнамалық және институционалдық шаралар кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді. Қылмыстық және әкімшілік заңнамада есірткі заттарын заңсыз өндіру, тасымалдау, сақтау немесе өткізу үшін қатаң жауаптылық көзделген, ал ұйымдасқан топ құрамында немесе ірі мөлшерде жасалған қылмыстарға қатысты ерекше қатаң санкциялар белгіленген. Бұл шаралар қоғамды улы айналымнан қорғаудың құқықтық негізін қуаттап, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге бағытталған.
Сонымен қатар, есірткі бизнесінің әдістері, құралдары мен тарату арналары жылдан-жылға өзгеріп, жаңа технологиялар арқылы жасырын сипат алып отыр. Әсіресе, интернет-алаңдар, жабық чаттар, криптовалюталық есеп айырысу құралдары, «бейнеқажетсіз» курьерлік жүйелер қылмыскерлер үшін жаңа тиімді тәсілге айналғаны байқалады.
Осыған орай, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, полиция және өзге де уәкілетті органдар цифрлық бақылау, ақпараттық талдау, жедел-іздестіру іс-шараларын жаңа деңгейде ұйымдастыруды қолға алуда. Бұл бағытта ақпарат алмасудың жылдамдығы, тәуекел топтарын нақты анықтау әдістері және заңсыз арналарды бұзу тетіктері жетілдірілуде.
Есірткі бизнесіне қарсы күрестің басты міндеттерінің бірі – есірткі қылмысының алғышарттарын жою, оның пайда болуына ықпал ететін әлеуметтік факторларды азайту. Әсіресе, жастар арасында психобелсенді заттарды насихаттауға қарсы ақпараттық иммунитет қалыптастыру, білім беру ұйымдарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын кеңейту, ата-аналардың, мектеп психологтарының және қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігін арттыру – стратегиялық тұрғыдан маңызды бағыт.
Қазіргі уақытта профилактикалық іс-шаралардың деңгейі мен мазмұнын күшейту мақсатында түрлі форматтағы кездесулер, тренингтер, семинарлар, құқықтық сабақтар және арнайы жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл іс-шаралар тек түсіндірумен шектелмей, жастарды саналы таңдау жасауға жетелейтін, есірткіден келетін зиянды жан-жақты көрсететін практикалық әдістерді қамтиды.
Еліміздегі құқық қорғау органдары есірткі бизнесін дер кезінде анықтау және оның жолын кесу бағытында кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп келеді. Олардың қатарында заңсыз есірткі тасымалдау арналарына тосқауыл қою, жасырын қоймалар мен «жер төлелерін» табу, интернет арқылы есірткі сатуға оқталған тұлғаларды анықтау, халықаралық арналарды бұзу секілді міндеттер бар. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл сайын есірткі заттарының ірі көлемдері тәркіленіп, жүздеген заңсыз әрекеттердің жолы кесіледі. Сонымен бірге синтетикалық есірткінің таралуына қарсы бағытталған арнайы операциялар күшейтілуде. Себебі, дәл осы синтетикалық заттар жастар арасында кең таралып, олардың денсаулығына аса қауіпті зиян келтіреді.
Қазіргі таңда мемлекет есірткі қылмысына қарсы саясатта тек жазалау шараларымен шектелмей, оңалту және әлеуметтік бейімдеу институттарын дамытуға да басымдық беріп отыр. Есірткіге тәуелді адамдарға медициналық көмек көрсету, психологиялық қолдау көрсету, тәуелділіктен арылуға бағытталған оңалту орталықтарын қолдау, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау – жалпы қалпына келтіру жүйесінің ажырамас бөлігі. Бұл бағыттағы шаралар қылмыстың қайталануын төмендетіп, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен бірге, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. Көрші мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен бірлескен операциялар, ақпарат алмасу тетіктері, заңсыз арналарды бірге бұзу шаралары трансұлттық қылмысты тиімді тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар өңірлік қауіпсіздік жүйесін нығайтып, жалпы қоғам үшін ортақ қауіп-қатерді азайтады.
Сондықтан әрбір азамат, әрбір отбасы және әрбір мекеме өз үлесін қосып, зиянды заттарға қарсы қоғамдық иммунитетті күшейтуге атсалысқаны жөн. Есірткісіз болашақ – елдің тұрақты дамуының, ұрпақтың жарқын келешегінің және ұлттық қауіпсіздіктің негізгі кепілі болып қала береді.

Ұлытау ауданының
прокуратурасы.