Бірлік берекеге бастайды
Міне, мамыражай мамырдың алғашқы мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күні де келіп жетті. Бұл мейрам – Қазақ елінде бақытты да берекелі ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт өкілдері үшін ерекше күн. Кеңес үкіметі кезінде «Мамыр. Бейбітшілік. Еңбек» деген ұранмен, қызыл шүберекке жазылған сан алуан плакат-лозунгілермен шерулер өтетін еді. Сол алаулатқан, жалаулатқан мейрам, кейін жаңаша сипат алды. 1995 жылы 18 қазанда Қазақстанның сол кездегі президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып жарияланды. 1996 жылдан бастап жыл сайын тойланады.
Мамырдың алғашқы күні келетін Бірлік мерекесі, шын мәнінде, ырыс-берекенің бастауы іспетті. Бірлігі бекем ел – ырыс-берекесі тасыған ел. Халық арасында «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» деген қанатты қағида бар. Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі қол жеткізген барлық жетістіктері – тек қана бірлік пен татулықтың арқасы! Бұл қол жеткен жетістіктерде, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі бар. Жергілікті ұлтпен тізе қоса еңбек етіп жүрген неміс, кәріс, татар, шешен сияқты ұлттар өкілдерінің, алғыстан басқа айтары жоқ. Қазақ елінен өз бақыттарын тапқан, ортақ Отанның гүлденуіне «тер төгіп» жүрген өзге ұлт өкілдері шынайы достықтың, берекелі бірліктің тәтті дәмін татып жүр. Лайым, ұзағынан сүйіндіргей!
Надежда ПЛОТНИЧЕНКО,
украин ұлтының өкілі, байырғы ұстаз.
ЖЕЗДІ кенті.