Жылқыға жүрегін берген жан «Үздік жылқышы» Марғұлан Колов туралы бір үзік сыр

Ұлытау – ежелден жылқы түлігін қасиет тұтқан, дала мәдениетімен біте қайнасқан аймақ. Тарихы ат тұяғының дүбірімен өрілген бұл өңірде ата кәсіпке адалдық танытып, жылқы шаруашылығын заман талабына сай дамытып отырған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Ұлытау ауданының тұрғыны, «Колов» шаруа қожалығының басшысы Марғұлан Колов. Ол биыл облыс орталығында өткен аграрлар форумында «Үздік жылқышы» атанып, көпшіліктің құрметіне бөленді.

Марғұланның жылқыға деген ықыласы бала кезінен бастау алады. «Малмен көзімді ашқандықтан болар, бұл кәсіп маған жат емес» – дейді ол өткенді еске алып. Сабақтан шыққан соң ағайын-туысына қолғабыс жасап, әкесінің соңынан еріп жүріп малдың жайын, жылқының табиғатын ерте түсінген.
Әкесі Шәкір – малшылықты өмірлік кәсіп еткен, еңбекқор жан. Сол кісіден алған үлгі Марғұланның болашақ тағдырын айқындады.
– Даланың иісі, жылқының тері бойыма сіңіп қалғандықтан болар, әскерден келгенде де қалаға кетуге жүрегім қимады. Жүрек жылқыға бұрды, – дейді ол.
Бала күнінен көрген тәрбиесі, әке аманаты – бүгінгі табыстың бастауы. Марғұлан Колов 2004 жылы Ұлытау селолық округінде жеке шаруа қожалығын құрып, шаруашылықты жүйелі жолға қойды. Бүгінде «Колов» қожалығы – өңірдегі ең белсенді, табысты жылқы шаруашылықтарының бірі.
Қымыз өндіру – шаруа қожалығының негізгі бағыты. Табиғи, еш қоспасыз дайындалатын қымыз Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы дүкендерге тұрақты түрде жеткізіледі.
– Халық біздің қымызды жақсы біледі, жиі сұратады. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді Марғұлан.
Оның айтуынша, қымыздың сапасын сақтау үшін ең бастысы – бие күтімі мен сүттің табиғилығы. Сондықтан, ол жыл сайын жылқы тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөліп келеді. «Малдың тұқымы мықты болса, өнімнің де сапасы артады», – деп есептейді шаруашылық иесі.
Соңғы жылдары шаруашылықтың басым бағытының бірі – асыл тұқымды жылқылар санын арттыру. Бұл – көп еңбекті, ұдайы бақылауды, ғылымға сүйенген шешім қабылдауды талап ететін жұмыс. Марғұлан осы бағытта үздіксіз ізденіп, ғылым мен тәжірибені қатар пайдаланып келеді.
Асыл тұқымды айғырлар сатып алып, үйір сапасын біртіндеп жақсарту арқылы ол ет өнімінің де, қымыз сапасының да жоғарылауына қол жеткізуде.
Жылқы өсіру – біреулер үшін кәсіп, ал Марғұлан үшін – өмір салты.
– Ауылда тіршілік етудің қиындығы да көп, қызығы да көп. Бірақ, жылқы мен үшін – жан тынысы. Әкемнің таяғын ұстап, сол кісінің жолын жалғастырып отырғаным үшін шүкірлік етемін, – дейді ол.
Бүгінде Марғұлан Колов – тек шаруашылық иесі емес, өңір жастарына үлгі болар азамат. Оның еңбегі еленіп, ауылшаруашылық мамандарының басын қосқан облыстық форумда «Үздік жылқышы» мәртебесін иеленуі – көп жылғы маңдай тердің, табандылықтың, дала кәсіпке деген шынайы махаббаттың нәтижесі.
Марғұланның пікірінше, ауыл шаруашылығын алға бастыру үшін бірнеше негізгі бағытқа назар аудару қажет. Жайылымды дұрыс пайдалану, жылқы тұқымын асылдандыру, қымыз өндірісін бір жүйеге келтіру, өнімді өткізу арналарының тұрақтылығын қамтамасыз ету шаруагердің басты ұстанымы. Ол мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік көп екенін де айтады.
Марғұлан Колов – ата жолын жалғап, ұлттық дәстүрге адалдық танытып жүрген азамат. Оның тіршілігінің тұтқасы да, еңбегінің жемісі де – жылқы. Ол жылқыны бағып қана қоймай, оның мәдениетін, қадірін, маңызын терең түсінеді. Сондықтан да болар, еңбегі елге сіңіп, атағы алысқа жетуде. «Жылқы бағу – әке жолы, арман жолы, өз жолым», – дейді Марғұлан. Ұлытаудың төсінде жылқы өсіріп, ұлттық құндылықты сақтап отырған еңбек адамы туралы бір ауыз сөз – осы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.