Тарихтан там-тұмдап: Әділеттіліктің қалқаны қалай қалыптасты?

Адвокатура — қоғамдағы әділ сот төрелігінің негізгі тіректерінің бірі. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге қызмет етеді. Адвокатура тарихы мыңдаған жылдарға созылып, адамзат өркениетімен бірге дамып келеді.

Ежелгі дәуірдегі адвокатура

Адвокаттық қызметтің алғашқы нысандары Ежелгі Мысырда, Вавилонда және Грекияда пайда болды. Бұл кезеңдерде арнайы құқық қорғаушылар болмаса да, адамдар сотта өз мүддесін шешендер мен заң білгірлерінің көмегімен қорғады.
Ежелгі Римде адвокатура нақты кәсіби институт ретінде қалыптасты. «Advocatus» (латын тілінен – «көмекке шақырылған») сөзі сол кезеңнен қалған. Римде адвокаттар заңды білуімен қатар, шешендік өнердің ше-
бері болуға міндетті еді. Дәл осы елде адвокаттың кәсіби әдебі мен мәртебесі алғаш рет заңмен бекітілді.

Орта ғасырлар мен жаңа заман

Орта ғасырларда адвокатура шіркеу заңдарымен тығыз байланысты болды. Университеттерде құқық факультеттері ашылып, адвокаттарды кәсіби даярлау басталды.
XVII–XVIII ғасырларда Еуропада буржуазиялық революциялардан кейін адвокатура тәуелсіз институт ретінде қалыптасты. Франция, Англия және Германияда адвокаттар қауымдастығы құрылып, олар сот процесінің тең құқылы қатысушысына айналды.

Қазақстандағы адвокатура тарихы

Қазақстан аумағында құқық қорғау дәстүрі билер сотынан бастау алады. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би — сол заманның әділқазысы әрі қорғаушысы іспетті тұлғалар.
Кеңес дәуірінде адвокатура мемлекеттік бақылауда болды. Бірақ соған қарамастан, заң көмегін көрсету жүйесі қалыптасты.
Тәуелсіз Қазақстанда адвокатура жаңа деңгейге көтерілді. 1997 жылы «Адвокаттық қызмет туралы» заң қабылданып, адвокаттардың мәртебесі нақтыланды. 2018 жылы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң қабылданып, адвокаттардың тәуелсіздігі күшейтілді.
Қазіргі таңда Қазақстанда адвокаттар азаматтардың қылмыстық, азаматтық әкімшілік істер бойынша құқықтарын қорғайды, тегін заң көмегін көрсетеді, халықаралық стандарттарға сай қызмет атқарады.

Түйін

Қорыта айтқанда, адвокат — тек заң білетін маман ғана емес, ол — әділет үшін күресуші, азаматтың сенімді қорғаушысы. Адвокатура тарихы – адам құқықтарының тарихы. Сондықтан, бұл мамандықтың қоғамдағы орны әрқашан жоғары.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.