Мемлекеттік қызметшінің әдебі – халық сенімінің негізі
Қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткендей «Әдептілік — ардың сақшысы» демекші, қазіргі таңда қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді қарым-қатынастың басты негіздерінің бірі – мемлекеттік қызметшінің әдептілігі мен мәдениетті қарым-қатынас жасау қабілеті.

Мемлекеттік қызметшінің әрбір сөзі мен іс-әрекеті азаматтардың билікке деген көзқарасына және сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан да мемлекеттік қызметшінің сөйлеу мәдениеті мен әдеп қағидаларын сақтауы — кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар, қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Мемлекеттік қызметшінің азаматтармен сөйлесу барысында сыпайылық танытуы, әдепті сөз қолданып, тыңдай білуі — тиімді коммуникацияның негізі. Әдепті сөйлесу өзара түсіністікті арттырады, шиеленісті жағдайлардың алдын алады және мемлекеттік органның беделін көтереді.
Мысалы, өтініш иесінің мәселесін қарау кезінде жылы, байсалды үнмен сөйлесу, құрмет көрсету – азаматтың мемлекеттік органға деген сенімін нығайтады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде, әрбір мемлекеттік қызметші азаматтарға адалдықпен, сыпайылықпен, әділдікпен және ашықтықпен қарауы тиіс екені көрсетілген.
Сонымен қатар, қызметтік міндеттерді орындау кезінде дөрекі, бейәдеп мінез-құлық танытпауға, азаматтардың арыз-өтініштеріне сабырлы, құрметпен жауап беруге, сондай-ақ әріптестерімен және басшылармен өзара сыйластықта болуға міндетті.
Әдеп нормаларын бұзу — мемлекеттік қызметтің имиджіне нұқсан келтіріп қана қоймай, тәртіптік жауапкершілікке де әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар мемлекеттік қызметке деген қоғамның сенімін азайтып, мемлекеттік аппараттың беделін түсіреді.
Мемлекеттік қызметші – мемлекет пен халық арасындағы дәнекер тұлға. Сондықтан оның әрбір сөзі, қимылы мен мінез-құлқы жалпы мемлекеттік биліктің бейнесін қалыптастырады. Әдепті сөйлеу, сабырлы болу, азаматтардың пікірін тыңдау және құрметтеу – мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениетінің басты көрсеткіші.
Әдептілік қағидаларын ұстану арқылы ғана мемлекеттік қызмет беделі артып, халықтың билікке деген сенімі нығая түседі.
Алмат МЫРЗАХМЕТОВ,
Ұлытау облысы бойынша
мемлекеттік қызмет істері
департаментінің Мемлекеттік
қызмет саласындағы бақылау
басқармасының басшысы.
