Ашық есік күні: Тұрғындарға медициналық кеңес берілді
Жезқазған қалалық емханасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының бастамасымен ашық есік күні өткізілді. Әлеуметтік маңызы бар шара аясында тұрғындар тегін консультациялық және диагностикалық қызметтерге қол жеткізді.

Келушілерді офтальмолог, отоларинголог, терапевт, психолог, эндокринолог, гинеколог, дерматолог секілді бейінді мамандар қабылдады. Дәрігерлер профилактикалық тексерулердің маңыздылығын түсіндіріп, ерте диагностика аурулардың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Пациенттерді қолдау орталығының мамандары МӘМС жүйесі туралы кеңінен ақпарат беріп, түсіндірме материалдарын таратты.

Тұрғындардың қойған сауалдарына сол жерде жауап беріліп, қажетті кеңестер ұсынылды. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, МӘМС аясында көрсетілетін қызметтер мен азаматтардың құқықтары жөнінде баяндады. Қор өкілдері «сақтандырылған» мәртебесі кеңейтілген медициналық көмек алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Шара барысында артериялық қысым өлшеніп, қандағы қант пен холестерин деңгейі анықтайтын сынамалар алынып, ішкі ағзаларға ультрадыбыстық зерттеу жүргізілді. Тексеруден өткендердің арасынан 15-тен астам адамға әрі қарай ем алуға жолдама берілді.

Қоғамдық денсаулықты нығайтуға бағытталған мұндай шаралар қала тұрғындары арасында сұранысқа ие болып отыр. Медицина мамандары профилактикалық тексерулерге уақытылы қатысу көптеген аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салады.
Өз тілшімізден.
