Қаржыгерлер — құрмет төрінде  

Ұлытау ауданында Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген білікті мамандармен арнайы кездесу өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Қайрбек қатысып, қаржы саласының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғам өміріндегі маңызды рөліне тоқталды.

Алмаз Қайрбек құттықтау сөзінде қаржы мамандарының жұмысы көбіне көзге көрінбегенімен, ауданның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауда, бюджетті тиімді жоспарлауда олардың еңбегі айрықша екенін атап өтті.

– Қоғамның тұрақты дамуы мен әрбір жобаның табысты орындалуы – қаржы қызметкерлерінің тиянақты еңбегінің нәтижесі. Сіздер көрсеткен адалдық, жауапкершілік және кәсібилік – аудан дамуының маңызды тірегі, – деді аудан басшысының міндетін атқарушы.

Мереке аясында өз ісіне адалдық танытып, қызметінде жоғары нәтижелер көрсеткен мамандар аудан басшылығының марапаттарына ие болды. Атап айтқанда, Сарысу ауылдық округі әкімі аппаратының бухгалтері Нүрила Абданбекова мен қазынашылық басқармасының қызметкері Әсия Абильдина Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапатталса, Ұлытау ауданы Халық банкінің директоры Алтынай Абдрахманова, Мибұлақ ауылдық округі әкімінің аппаратының бухгалтер Динара Сүлейменова, Ұлытау ауданы ішкі саясат бөлімінің есепші Алтынай Шыныбекова, экономика және қаржы бөлімінің бас маман Ерлан Сабден аудан әкімінің Алғыс хатын алды.

Кездесу соңында аудан басшылығы сала қызметкерлерін тағы бір мәрте кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Қаржы саласының өкілдері өзара пікір алмасып, ауданның алдағы жоспарларына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

 

Ізбасар ОЙБАС.