Болмысы бөлек қаламгер
Қаламы қарымды журналист Ізтай Белгібайұлын Ұлытау жұртшылығы жақсы біледі. Ол үлкен алдында інілік ізетін бұзбаған, кіші алдында ағалық келбетіне дақ түсірмеген қарапайым азамат. Қашан көрсең де күндей күлімдеп жүретін жайдарлы жан. Баспасөз саласында еңбек еткеніне де 40 жылдан асыпты.

Бүгін аңқылдаған ағамыз сол жарқын қалпымен зейнет жасына жетіп, 63 жасқа толып отыр. Аймақтың төрт газетінде тілші болып жүрген әріптесіміз әлі тың, әлі де талай жыл қолынан қаламы түспей, журналистік қызметін жалғастыра береді деген ойдамыз.
Ғұмырының басым бөлігін баспасөзге арнаған Ізтай Бейсенбаев қаламгерлік қабілетімен аудан халқына ертеден таныс. Оқушы кезінің өзінде Жездідегі аудандық «Октябрь туы» газетіне мақалаларын жариялап, жас тілші ретінде елге танылған. Оның мақалаларындағы тілі кесек сөйлемдері сылдырлап аққан бұлақтай есіліп отырады.
Мейлінше мағыналы дүниелер жазып, өмірдің өз бояуын қаз-қалпында суреттей білетін шебер журналист. Аймақ журналистикасында өзіндік өрнегі бар әріптесіміз талантымен даусыз дараланған қаламгер.
Әр жазған мақалалары көңілге қонымды. Әсіресе, еңбек адамдарын суреттеуі өте тартымды. Барлығын фотоға түсіріп алғандай, көз алдыңа әкеледі де әрі қарай оқуға асықтырады. Ізекеңнің жазу стилі, баяндау тілі, қалам сілтесі мүлдем бөлек.
Ол бала жасынан журналист болуға бейім болып өсті. Жаратылысынан тума талант. Өмірдің сан алуан сәулесін көкірекке сіңіріп, содан ой өріп пікір таспалап, мақала қылып жазады.
«Аймақ тынысы» деген айдармен ауылдың тұрмысын, елдің әлеуметтік–экономикалық ахуалын, тұрғындардың көкейкесті мәселелерін аудандық «Ұлытау» газетіне жариялап отырды. Мақаласында өңірдің әр түрлі құбылыстарын көрсете отырып, ауыл адамдарының өмірін баяндаумен бірталай мәселелерді қамтыды. Осы тұрғыда, заман талабына сай жазған жазбалары оқырман көңілінен шығып та жатты.
Ізекеңнің мақаласынан жазу өнеріне адалдықты анық байқауға болады. Бүгінде оның қаламгерлік жолын үлгі еткен жас журналистер қаншама. Өйткені, ол баспасөз саласында тәжірибесі бар, ойы ұшқыр, қаламы үшкір, жүйрік журналист. Не жазса да жеріне жеткізе жазып, көлемді әрі салмақты материалдар береді.
Шалғай елдімекендегі шаруа қожалығының иегерлерімен де жиі хабарласып, түрлі тақырыпта мақалаларды оңтайлы етіп бере қояды. Бұл – оның шабыты тау суындай арынды, қабілеті қарымды журналист екендігін көрсетеді.
Ізтай ағамыз сөйлескен адамды жатырқамай, өзіне жақын тартып, жылы жүзбен қарайтын азамат. Сондай ашық мінезі адам мен адамның еркін сөйлесуіне итермелейді. Бұл мінезі көпшілікке де ұнайтыны анық.
Бір жақсы қасиеті – шығармашылық өнегесімен, адамдық мінез-құлығымен оқырманды өзіне тарта білетіндігі. Осы пейілінен ешқашан айныған емес. Сөзіне берік, ісіне адал. Қашан көрсек те үнемі шығармашылық ізденісте. Онымен бірге әріптес болудың өзі бір ғанибет.
Қазірде Ізекең шығармашылықпен айналысу үстінде, алдына қойған мақсат межелері жетерлік.
Қайрат ЖҰМАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
