Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері
Мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ал қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде мемлекеттік қызметшілердің алар орны ерекше.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнаманың негізгі қағидаттарының бірі – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы болып табылады. Мемлекеттік қызметші өзінің еңбегінің қорғалуына, тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, құқықтық және әлеуметтік қамтамасыз етілуіне, жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқығы бар.
Әрбір мемлекеттік қызметші, бірінші кезекте, сол қоғамның мүшесі, Конституциямен және басқа да заңдармен көзделген құқықтар мен міндеттерге ие мемлекетіміздің азаматы. Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі мен олардың құқықтары 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңында нақтыланған.
Аталған Заңның 9-бабында мемлекеттік қызметшілердің негізгі құқықтары көрсетілсе, Заңның 9-тарауында мемлекеттік қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері қарастырылған.
Бүгінгі таңда Ұлытау облысында 1300-ден астам мемлекеттік қызметші ел дамуына өз үлестерін қосуда. Оның ішінде 800-ден астамы жергілікті атқарушы органдарда қызмет етеді.
Мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметтік бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуына және әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына мониторинг жүргізу. Осы ретте жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің міндеттері, әдептілік нормалары, олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері туралы жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерімен бірлесіп құқықтық оқытулар өткізілді.
Құқықтық оқытулар барысында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер түсіндіріліп, олардың негізгі құқықтары бойынша ақпарат берілді. Әдеп жөніндегі уәкілдер институты алдағы уақытта да мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.
Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заңды құрметтеп, өз міндетін адал атқаратын мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне тікелей байланысты.
Бүгінгі күннің талабы – әрбір мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің нақты сақталуы ғана емес, сонымен бірге олардың беделі мен жауапкершілігін арттыру. Бұл – тек мемлекеттік аппараттың емес, тұтас елдің өркендеу кепілі. Мемлекеттік қызметкердің абыройы – мемлекеттің айнасы.
Айнұр ӘБІКЕНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ұлытау облысы бойынша Департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы
