Жасыл экономика — экологиялық таза болашақ кепілі  

Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Экономикалық даму қарқыны артқан сайын экологияға түсетін салмақ та өсіп келеді.

Осындай жағдайда «жасыл экономика» тұжырымдамасы табиғат пен технологияны үйлестіретін, тұрақты дамуға жол ашатын жаңа бағыт ретінде ерекше маңызға ие болуда. Жасыл экономика – бұл табиғи ресурстарды үнемдей отырып, өндіріс пен қоғамның өмір сапасын жақсартуға бағытталған экономикалық жүйе. Ол экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық тиімділікті қатар дамытуға мүмкіндік береді.

Жаңартылатын энергия көздері және жасыл технологиялардың рөлі. Жасыл экономиканың басты бағыттарының бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Күн, жел, су және биомасса секілді табиғи күштерді пайдалану атмосфераға зиянды қалдықтардың бөлінуін азайтып, энергетикалық тәуелсіздікті арттырады. Бүгінде көптеген елдер көмір мен мұнайға тәуелділікті азайтып, таза энергия үлесін көбейтуге күш салуда.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзінше: «Климат өзгерісі мен „жасыл“ күн тәртібін көмір кені секілді орасан зор энергетикалық ресурсқа бай елдер қабылдай бермейді. Өйткені бүгінде озық технологияның арқасында оны тазаланған күйінде пайдалануға болады». Бұл мақсатпен Қазақстан 35 жыл ішінде көміртегінен бейтарап болу міндеттемесін алды.

Қазақстан да осы бағытта белсенді қадамдар жасауда: күн электр станциялары, жел парктері, шағын гидроэлектр станциялары салынып, энергия тиімділігін арттыру бағдарламалары іске асырылуда. Жасыл технологиялар өндірістегі энергиялық шығындарды азайтып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да нақты үлес қосады. Зауыттарда қалдықсыз немесе аз қалдықты технологияларды енгізу, су мен жылуды үнемдейтін жүйелерді қолдану — жасыл экономиканың ажырамас бөлігі.

Экологиялық мәдениет және қоғамның жауапкершілігі. Жасыл экономиканы дамыту – тек мемлекет пен өндіріс орындарының міндеті емес. Бұл бағыттың табысты болуы үшін қоғамның экологиялық мәдениеті жоғары болуы шарт. Әрбір азамат табиғатты қорғауға өз үлесін қосқанда ғана экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін.

Экологиялық мәдениет – бұл суды, электр энергиясын үнемдеу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, ағаш отырғызу, қоғамдық көлікті жиірек қолдану сияқты қарапайым, бірақ маңызды іс-әрекеттерден басталады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық білім беруді күшейту де жас буынның табиғатты қорғау жөніндегі санасын қалыптастыруға ықпал етеді. Қоғамдық ұйымдардың экологиялық акциялары, сенбіліктер көрініс үшін емес, шынайы табиғатқа деген жауапкершіліктің белгісі болуы тиіс.

Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және экологиялық жұмыстар. «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологияны сақтау бағытында көптеген маңызды жұмыстар атқаруда. Біз тек табиғаттың байлығын қорғап қана қоймай, сонымен қатар, табиғатты қорғау мен сақтау мәдениетін қоғам арасында қалыптастыруға баса назар аударамыз.

Парктің қызметкерлері экологиялық акциялар мен сенбіліктер ұйымдастыру арқылы аймақтың тазалығын сақтап, жергілікті тұрғындар мен қонақтарды табиғатқа құрметпен қарауға шақырады. Сонымен қатар, жас буынның экологиялық санасын қалыптастыру үшін мектеп оқушыларымен тығыз жұмыс жасап, оларға дәрістер мен семинарлар жүргіземіз. Бұл арқылы оқушыларды табиғатты қорғаудың маңызы мен орманның экожүйесіне зиян келтірмеудің қажеттілігі туралы ақпараттандырамыз.

Ұлытау табиғатының ерекше экологиялық құндылықтары бар, сондықтан біздің негізгі міндетіміз – оның табиғи балансын сақтау. Парктің қызметкерлері орманды күтіп-баптау, жергілікті флора мен фаунаны қорғау бойынша тұрақты шаралар қабылдайды. Сондай-ақ, түрлі экологиялық жобалар мен акциялар өткізу арқылы қоғамның назарын табиғат қорғауға аударамыз. Біз сенбіліктер мен табиғат қорғау шараларына белсене қатыса отырып, әрбір адамға табиғатқа деген жауапкершілікті сезіндіруді көздейміз.

Жасыл экономика – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін аса маңызды бағыт. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен қоғамның экологиялық санасын көтеру – осы бағыттың негізгі екі тірегі. Жасыл экономикаға көшу табиғатты сақтаудың ғана емес, ел дамуының жаңа сапасына қол жеткізудің жолы. Бұл бағытта жасалған әрбір қадам болашақ ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан экологияны қорғау мен ресурстарды тиімді пайдалану – бүгіннен басталуға тиіс ортақ жауапкершілік.

Ерден РАХМАНИЯНОВ,

«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ директорының орынбасары.