Парасат биігіндегі тұлға
Ұлытау – ұлттың тамыры тереңге тартқан қасиетті мекені. Бұл өңірден талай абыз, ақсақал, елдің жүгін көтерген азамат шыққан. Сол асыл дәстүрдің жалғасын бүгінгі заманда лайықты түрде жалғап келе жатқан тұлғалардың бірі – Ұлытау облысының Ақсақалдар және Ардагерлер кеңесін ұзақ жылдардан бері басқарған, халық құрмет тұтқан Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов.

Күні кеше елордадан марапатқа ие болып оралған Сағындық ағаның өңірге деген адал қызметі тағы бір мәрте ел деңгейінде бағаланды. Мемлекет басшысы Жарлығымен оған «Парасат» ордені табысталды. Бұл – көрегендік пен парасаттылықтың, өмір бойғы ізгілік жолының айқын дәлелі.
Сағындық Үсенұлы – өз ғұмырын елдік мүддеге арнап, Ұлытаудың қоғамдық өмірінде ұйытқы бола білген азамат. Ардагерлер кеңесіне жетекшілік ету – тек ұйым басқару емес, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ел арасындағы татулықты сақтау, жастарға өнеге боларлық сөз айту, рухани тәрбие беру деген сөз.
Сағындық аға бұл міндетті зор жауапкершілікпен атқарып келеді. Ұлытау өлкесінде ұйымдастырылған талай игілікті шараның басы-қасында оның парасатты пайымы, ақылгөй кеңесі, елдік бағыттағы ұстанымы байқалады. Қиын кезеңдерде де, қоғамдық мәселе көтерілген сәттерде де Сағындық Үсенұлының сабырлы сөзі мен әділ көзқарасы талай дауды тарқатып, бағыт бергені ел жадына жақсы сақталған.
Сағындық Қожамсейітовті мемлекеттік марапатқа ҚР Ардагерлер кеңесі ұсынғаны — оның еңбегінің республикалық деңгейде жоғары бағаланғанының көрінісі. Бұл ұсынысты қолдаған Кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің де ықыласы елге белгілі.
Өңірдің бас ақсақалына айналған Сағындық Үсенұлының марапаты – тек жеке тұлғаға берілген құрмет емес, жалпы Ұлытау ардагерлерінің еңбегіне көрсетілген сенім мен ілтипат.
«Парасат» ордені – мәдениетке, қоғамның рухани дамуына, қоғамдық өмірге сүбелі үлес қосқан азаматтарға берілетін жоғары мемлекеттік награда. Сағындық ағаның марапатталуы – оның өмір бойы жинаған даналық қазынасының, елге жасаған өнегелі еңбегінің нәтижесі.
Жұртшылық арасына сыйлы болу – кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін адамдық болмыс, әділдік, сабыр мен парасат керек. Сағындық Үсенұлының бүкіл ғұмыры осы қасиеттермен өріліп келеді.
Ұлытау жұрты Сағындық ағаны тек ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде емес, өмірде көрген-түйгенін ұрпаққа үйрететін өнегелі тұлға санайды. Жастарға айтқан әрбір сөзі — тәрбие, ағайын арасындағы әрбір арағайындық — тыныштықтың кепілі, елдің бүгіні мен ертеңіне қатысты әр пікір — парасаттың өлшемі.
Өңірге оралған сәтінде ел азаматтары ақсақалды ерекше құрметпен қарсы алып, марапатының қуанышын бірге бөлісті. Бұл — халық махаббатының белгісі, ел ағасының еңбегіне жасалған шынайы алғыс.
Сағындық Үсенұлы Қожамсейітовтің «Парасат» орденімен марапатталуы — Ұлытау өлкесіне бұйырған үлкен қуаныш. Бұл марапат — көргенін көрген, түйгенін ел игілігіне жарата білген ақылман тұлғаның ел алдындағы еңбегіне көрсетілген жоғары баға.
Парасат шыңына көтерілген ардагердің өнегелі жолы алдағы уақытта да өңір жастарына, замандастарына бағыт-бағдар болары сөзсіз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
