Ұлытау облысында «Әйел рухы – табысқа жетелейтін күш» атты облыстық форум өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, еңбек адамының мәртебесін көтеру, әйелдердің өндірістегі рөлін айшықтау және еңбекқор нәзік жандылардың жетістіктерін дәріптеу мақсатында Ұлытау облысында «Әйел рухы – табысқа жетелейтін күш» атты облыстық форум ұйымдастырылды.

Форумға өңірдің ірі кәсіпорындары мен мекемелерінің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, белсенді азаматтар және қоғам қайраткерлері қатысты. Жалпы шараға 200-ден астам адам жиналды.

Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, сондай-ақ «Orda FM» радиосының директоры, журналист Әйкерім Есенәлі қатысты.

Шара барысында еңбек жолында табысқа жеткен әйелдердің тәжірибесі, жұмысшы мамандықтарды дамытудағы рөлі, өндірістегі гендерлік теңдік, кәсіби өсу мен өмір сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.

Форумның басты мақсаты – еңбек адамының, соның ішінде өндірісте еңбек етіп жүрген әйелдердің қоғамдағы орнын айқындау, олардың табандылығы мен жігерін дәріптеу, жаңа идеялар алмасуға мүмкіндік жасау.