Еліне елеулі азамат
Әр адам өз ісімен, өнерімен көрікті. Демек, кез келген кісі туралы сөз қозғағанда ең әуелі ол не бітірді,не тындырды деген сауалды оның бойынан іздейтініміз рас. Осындайдан барып, белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанышына айналып, халықтың құрметіне бөленіп жүрген азаматтарды кездестіреміз. Сондай азаматтың бірі, аймақ музейлерінде абыройлы еңбек етіп, ұсталық өнерімен көпке танылған қолөнер шебері Ерғазы Исатаев.

Ол 1965 жылы Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылында туған. 1986 жылы Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, 1990 жылы суретші-шебер мамандығы бойынша диплом алады. Сол жылы Қаражал қаласына келіп, қолөнер үйірмесін ашады. Үйірме жұмысын 1995 жылдың соңына дейін абыроймен атқарса керек. Кейіннен 1996 жылы Жезқазған қаласының тарихи-археологиялық музейіне суретші-қалыпқа келтіруші ретінде жұмысқа қабылданады. Содан бері, облыстық тарихи-археологиялық музейінде еңбек етіп жүр.
Талантты азамат музейде қызмет атқара жүріп, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының «сәулет-дизайн» мамандығы негізінде білім алып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жасынан өнерге жақын өскен шебердің кемелденіп, толықсыған шағы да осы. Оған туған жері Ақтау ауылының әсем табиғаты да әсер етті. Соның әсері шығар, Ерғазы айналадағыны тез сезгіш, тез аңғарғыш болып есейді. Туған жерінің табиғаты оның талғамының қалыптасуына ықпалын тигізгені анық. Әрі қанында бар қасиеті, өсе келе бойына дарып, білімі мен өнерін бір арнаға тоғыстырды. Әріден айтсақ, атасы Құсайын темірден түйін түйген шебер ұста болған көрінеді. Әжесі де қара жаяу емес, он саусағынан өнер тамған шебер болыпты. Тегіне тартқан текті азамат дейтініміз де сондықтан. Қанында бар қасиет деп айтып отырғанымыз да сол. Өйткені, ол нағыз хас шебердің өзі. Оның туындылары өзіндік ерекшелігімен сырлы, терең мазмұнды болып келеді. Бұлай болуы – ол халық мұраларына ден қойып, оған зер салып, жан-дүниесімен ұлттық құндылықты түсінгендігінде жатыр. Бүгінгі күні Ерғазының шығармашылық жұмыстары республика аумағындағы көптеген музейлерге қойылған. Бір ғажабы, оның бұйымдарында ұлттық нақыш, ұлттық қалып толықтай сақталған. Сонысымен құнды, сонысымен бағалы. Ол жасаған ошақ, леген, саба, ат әбзелдері, қылыш, темір сауыт, зергерлік бұйымдар, ат сұлбасы Жезқазған, Ұлытау музейлерінің тұрақты экспозициясынан орын алған.
Өнерімен елге танылған талант иесінің қолөнер туындылары Ресей, Франция, Туркия елдерінде өткен көрмелерге қойылып, жүлдемен оралғаны есімізде. Бір байқағанымыз, оның өнер болмысында өзгешелік көп. Жайшылықта томаға тұйық, сөзге сараң болып көрінгенімен, Ерғазының ішкі ойы сезімге толы, идеяға бай. Бастаған ісін ешқашан аяқсыз қалдырған емес. Қай істі бастаса да жасар алдында ой елегінен өткізіп, әбден дайындалып барып жасауға кіріседі.
Тізе берсек, ұлт мұрасын жаңғыртқан ұстаның ел алдында өткізген көрмелері жетерлік. Соның бірі, жақында Ерғазының 60 жасқа толуына арнап, облыстық тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастырған көрмесі.
Мерейтой аясында өткен шараға Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, Ұлытау ауданы мәслихатының төрағасы Ахат Құрмансейітов, AMANAT партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, Respublica партиясы облыстық филиалының төрағасы Светлана Оңғарбаева қатысып, ақжарма тілектерін жеткізді, сый-сияпаттарын жасады. Сонымен қатар, көрме барысында Ерғазы Исатаевтың «Ұста өнерінің сан қыры» атты кітабының тұсауын кесті.
Айта кетейік, Ерғазы Кеңесұлы Қазақстан Суретшілер одағының және Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері. Қазірде ол Жезқазған, Ұлытау музейлерінде қолөнер шебері. Ол аймақтағы музейлердің біразында қосымша қызметтер атқарады. Өйткені, оның кәсібі музейлерге ең қажетті мамандық. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің қордағы жәдігерлерін де қайта қалпына келтіруде үлкен еңбек сіңірді. Еңбегі де бағаланып, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, «Қолданбалы өнердің үздік суретшісі» номинациясымен марапатталған. Ал, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір атан түйеге жүк боларлықтай дүние.
Қорыта айтқанда, Ерғазы Кеңесұлының аймақ музейлеріне сіңірген еңбегі орасан. Ол ата кәсіпті мұра етіп, көнені қайта жаңғыртып елге танылған қолөнер шебері. Ұлтымыздың қолөнерін насихаттап жүрген азаматтың бірі. Мінезі де көркем, жан сарайы таза, кімге болса да достық, ізеттілік сезіммен қарайтын елдің азаматы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
