«Қазақ елі» стелласы ашылды
Республика күні қарсаңында Мұқажан Жұмажанов атындағы ауылдық округінде елдіктің символына айналар маңызды нысан — «Қазақ елі» стелласының ашылу салтанаты өтті.

Мемлекеттік мерекеге орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Қанат Қожықаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Лента қию рәсіміне қатысқан аудан басшысы Тәуелсіздіктің тұғыры берік, ел бірлігі мәңгілік болсын деген ізгі тілегін жеткізді.

– «Қазақ елі» стелласы — ұлт рухын көтеретін, Тәуелсіздік пен ел бірлігінің маңызын айшықтайтын ерекше нышан. Бұл — бүгінгі мен келер ұрпаққа ортақ рухани мұра, – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Сонымен қатар, салтанатты шараға «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, облыстық мәслихат депутаты, экономика, қаржы және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Еркебұлан Бодыков, сондай-ақ Ұлытау облысы білім басқармасының бас маманы Бибігүл Күлбаева қатысып, жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

Аталған нысан елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру жобасы аясында бой көтеріп, округтің келбетін арттыра түсті. Бұл ескерткіш — жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беретін терең мағыналы туынды.

Салтанатты іс-шара барысында аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жиылған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
