Ерекше бала елеусіз қалмайды

Бүгін «Ұлытау – Мейірім» қоғамдық қорының кезекті игі шарасы өте жоғары деңгейде өтті. Алғаш рет инклюзивті фестивалі жиналған қауымға әсіресе балаларға есте қаларлықтай болды.

Фестивальдің негізгі мақсаты – инклюзивті мәдениетті дамытуға ықпал ету, ерекше қажеттіліктері бар қатысушылардың талантын қолдау және шығармашылық қабілеттерін шыңдау, ашу, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларымызға  қуаныш сыйлау, талантын танытуға мүмкіндік беру, қоғамның оларға деген қолдауын сезіндіру. Тұңғыш Фестивальге 7 жастан 35 жасқа дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін балалар, жасөспірімдер және жастар қатысты.
Сонымен қатар, ата-аналар, шығармашылық ұжымдар, еріктілер мен қолдау көрсететін ұйым өкілдері шақырылды. Фестиваль төмендегідей бағыттарымен айшықталып, әсерлі өтті.
«Жұлдыздар шеруі» – қатысушылардың сахнаға салтанатты шығуы, оларды волонтерлердің қолдауы.
Модельдік көрсетілім (дефиле) – қатысушылардың киім үлгілері мен бейнелерін көрсету. Шығармашылық байқаулар мен көрмелер, сурет көрмесі,
«Shopper-art» интерактив аймағы (шоппер сөмкелерін бояу), қолөнер бұйымдары көрмесі, аспаздық байқау. Ал, концерттік бағдарламалар (ән айту, би билеу, өлең оқу және т.б.) тіптен ерекше болды.
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров арнайы қатысып, игі шараға сәттілік тілей отырып, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың қоғам өміріне жиі белсенді араласуына жағдай жасау. Мұндай бастамалар – адамгершілікті, сыйластық пен мейірімділік құндылықтарын нығайтудың ең жарқын көрінісі деді. Алдағы уақытта бұл фестиваль дәстүрлі түрде өтіп тұратынын жеткізді. «Ұлытау Мейірім» қоғамдық қорының өңірімізде іргетасын қалаушы һәм басшысы Гүлжиһан Жұмашқызы бұл фестиваль — әр баланың, әр жастың бойындағы талант пен шексіз мүмкіндікті танытатын, мейірім мен тең мүмкіндіктерді дәріптейтін маңызды шара екенін айтты. Іс-шара барасында құрметті қонақтар сөз алып, бастамаға ризашылықтарын айтты.

Айтулы фестивальге қатысып жатқан әр бала мен жас – өз саласының нағыз жұлдызы, ал олардың жетістігі – ата-аналардың, ұстаздардың, тәлімгерлер мен волонтерлердің еңбегінің жемісі. Байқауға Ұлытау облысының Іскер әйелдер Қауымдастығының төрайымы Шолпан Елубайқызы, бас демеуші, елдің азаматы Қазақмыс Барлау басшысы Ғалым Жұмабайұлы, Жаңаарқа ауданындағы “Бірлестік” шаруашылық қожалығы, «Астана Премиум Строй» ЖШ басшысы Марғұлан Есболұлы, жеке кәсіпкер Бауыржан Тортайұлы сонымен қатар Зәуреш Ихсанқызы мен Шолпан Жанкелдіқызы сияқты мейірімді жандар демеушілік жасап, атымтай-жомарттықтарын танытқанын айта өткеніміз абзал.

І «Ұлытау – Мейірімі» фестивалі – өнер мен шабыттың, достық пен ізгіліктің мерекесі. Біз де «Ұлытау – Мейірім» қоғамдық қоры ұжымына шығармашылық жетістік пен еңбектеріне мол табыс тілейміз!
Әрқашан жүректеріміз мейірімге толы болып, қоғамымыз қамқорлық пен сүйіспеншілікке шексіз бай болсын!

Ізтөлеу ТҮСІПОВ,
Жезқазған қаласының тұрғыны.